2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында еліміздегі ақылы жолдардан 2 млрд теңгеге жуық қаражат түскен. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлім етті.
Алымдардың ең көбі Нұр-Сұлтан-Щучинск тас жолынан түскен, оның көлемі – 706 млн теңге. 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл учаскеден 667 млн теңге түсіпті.
Сондай-ақ 2019 жылдың 26 қаңтарынан бастап 30 маусымына дейін Нұр-Сұлтан – Теміртау тас жолында жүруге 640 млн теңге, тап осы кезеңде Алматы-Қапшағай учаскесінен 328 млн теңге түскен. Ал Алматы-Қорғас тас жолында 314 млн теңге жиналған.
Сонымен қатар ақылы учаскелерде бір жылға 1 мың теңге тұратын 27 мың абоненттік төлемдер рәсімделген.
ИИДМ ақылы жолдар мен абоненттік төлемдерді арттыруды әзірге жоспарлап отырмағанын айтты.
Ведомстводағылар биылғы жылдың соңына дейін жалпы еліміз бойынша республикалық және облыстық маңызы бар 503 шақырым жол пайдалануға берілетінін айтты.