Қазақстандықтар Анталия әуежайында рейстерін сағаттап күтіп отыр

172

Әуежайдың жүздеген қызметкері шеруге шығып, наразылық шарасын әлі тоқтатпаған.     

Қазақстандықтар Анталия әуежайында рейстерін сағаттап күтіп отыр Фото: Tourdom.ru

Түркияның Анталия әуежайындағы наразылық шарасынан қазақстандық әуе компаниялардың да рейстері кешігіп жатыр. Олар бірнеше күннен бері жалақы көтеруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Телеарна мәліметінше, Анталия әуежайында жолаушыларды тіркеу баяу жүріп жатыр. Сол себепті халықаралық және ішкі рейстер кестеден қалуда. Арасында қазақстандық тасымалдаушылар да бар. Бірнеше күн қатарынан жалғасып келе жатқан шерудің кесірінен ұшу кестесі өзгеріп, кей рейстер уақытынан кешіктірілген.

Air Astana Анталия әуежайында рейстерді қабылдауда шектеулерге тап болғанын растап, отандық туристерді сабыр сақтауға шақырды. Қазір әуекомпаниясы жағдайды бақылап, кесте өзгерген жағдайда, оны жолаушыларға алдын ала хабарламақ. Ал FlyArystan мен Scat Airlines ұшып-қону кестесі реттеле бастағанын айтты.

Биыл Анталия әуежайы рекорд жаңартқан. Туристік маусымның қызған шағында әуежай күніне кемінде 200 мың жолаушы қабылдап, 1100-ге жуық рейске қызмет көрсеткен. Осындай ауыр жұмыс атқарып жатқандар лайықты жалақы төлеу мәселесін көтерді.

"Түрлі кедергілерге тап болған жағдайда сақтандыруы бар азаматтарға өтемақы қарастырылған. Тур-коды барлардың қонақүйдегі ақысын "Қамқор" төлейді. Егер екі сағаттан астам уақыт кешіксе, сусын ұсынылуы тиіс. Ал төрт сағаттан соң әуе компаниясы тамақтандыруы керек. Сегіз сағаттан астам кешіксе, туристерге қонақүй ұсынылады. Алайда қазір көптеген әуе компаниялары алдын ала ескертіп жатыр", - деді "Туристік қамқор" корпоратив қорының төрайымы Инна Рей.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу