Қазақстандықтар азық-түлік алуға 5,3 трлн теңге жұмсады

1066

Қымбатшылық қарапайым адамдардың қалтасын қағып жатыр.

Қазақстандықтар азық-түлік алуға 5,3 трлн теңге жұмсады

Біздің ел осыдан 3 жыл бұрын азық-түлік қауіпсіздігі бойынша әлемдегі 113 мемлекеттің ішінде 57-орында болған. Содан бері жағдай жақсармаған. Бұл туралы мәжілісте өткен үкімет сағатында айтылды. 

"Бүгінге дейін ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын әзірледі. Сауда және интерграция министрлігі сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын таныстырды. Бұл құжаттар ішкі нарықты отандық тауар өндірушілердің өнімдерімен қамтуға ықпал етуді көздейді. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру және оның қымбаттауына жол бермеу стратегиялық маңызға ие. Бағаның негізсіз көтерілуі тұтынушылардың сатып алу мүмкіндігін шектеп қана қоймай, олардың өмір сүру сапасын төмендетеді. Соңғы 3 жылдан бері жағдай жақсарған жоқ. Біз азық-түлік қауіпсіздігі бойынша оң нәтижеге жете алмай отырмыз", – деді мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко. 

Оның сөзінше, жалақы мен әлеуметтік төлем өскен сайын азық-түлік бағасы  қымбаттайды. Ал қымбатшылық қарапайым адамдардың қалтасын қағады. 

"Бағаның негізсіз қымбаттауының салдарынан ел азаматтарының азық-түлік алуға жұмсайтын қаражатының көлемі 5,3 трлн теңгеге жетті", – деді Владимир Божко.

Мәжіліс төрағасы орынбасарының айтуынша, ел азаматтары азық-түліктің тұтыну себетін алуға  жалақыларының 50%-ын санап береді. 

"Азық-түлік тауарларының 11 түрі бойынша ішкі нарықты импорттың үлесі басым. Мысалы, сырттан келген балық балық - 73%, ірімшік - 49%, шұжық - 38%, маргарин - 66%, кептірілген жеміс - 100%, тауық еті - 45%, жүзім - 51%, консервіленген жеміс - 85%-ды құрайды" – деді ол.

Сөз арасында Владимир Божко "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегін алға тартып,  шетелден келетін сиыр етін сатып алуға жылына 81 млн, макаронға - 32 млн, қызанаққа - 39 млн, сарымсаққа - 21 доллар жұмсайтынымызды жеткізді. 

Мәжіліс төрағасы орынбасарының мәлімдеуінше, өткен жылы әлеуметтік маңызы зор және күнделікті тұтынылатын азық-түлік бағасы 10,4%-ға қымбаттаған. 
"Былтыр азық-түлік бағасын шектен тыс қымбаттатудың 67 фактісі тіркелді", – деді Владимир Божко.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу