Қазақстандықтар Қытайдан тасымалданатын жүктерін онлайн-режимде бақылай алады

966

Қазақстандықтар Қытайдан тасымалданатын жүктерін онлайн-режимде бақылай алады

Қазақстандық экспорттаушылар мен сауда компаниялары Қытайда Ляньюньган теңіз порты үшін арнайы әзірленген жүйенің арқасында өздерінің жүк контейнерлерін нақты уақыт режимінде интернет арқылы бақылай алады. Бұл туралы Ляньюньган қаласындағы (ҚХР) теңіз портын тексеру барысында қазақстандық баспасөз қызметімен кездесуде "Қытай-Қазақстан халықаралық логистикалық компаниясы" ЖШҚ бас директоры Лю Бинь айтты, деп хабарлайды strategy2050.kz.

"Ляньюньган портының контейнерлерді өңдеу жүйесі жақын уақытта Қазақстанда енгізіледі. Бұл жүйе Қытайда, арнайы Ляньюньган порты үшін әзірленген болатын. Жуық арада біз Қазақстанға мамандарды жіберуді жоспарлап отырмыз. Олар жүйені орнатуға, оны іске қосуға, бейімдеуге, сынақтан өткізуге көмектеседі. Кейін жүйе Ляньюньган порты мен терминал жүйесіне қосылады", - деді Л.Бинь. 

Ол порт жүйесінің арқасында әрбір контейнердің жүру жолын карта бойынша интернет арқылы бақылауға болатынын айтып өтті. 

"Портта және терминал аумағында қазіргі уақытта контейнермен байланысты қандай операциялар жүргізіліп жатқанын көруге болады. Экраннан біз автокөлікке, теміржол вагондарына жүк арту және жүк түсіру аймақтарын, кемелердің келу және портқа жүк түсіру аймақтарын көре аламыз. Оператор әрекеттердің бір бөлігін қашықтықтан жүргізе алады. Контейнердің салмағы, ішіндегі заттары, кедендік және өзге де ресімдеулер туралы деректер алады. Жаңа жүйенің Қазақстанда енгізілуі ҚР-дан портқа келетін жүктерді ресімдеу шараларын оңайлатуға және оған кететін уақытты едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл портқа да, қазақстандық өндірушілерге де және көлік компанияларына да қосымша пайда әкеледі", - деп атап өтті Л.Бинь. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу