Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді алу процесі барған сайын мобильді форматқа көшіп келеді. Оның шамамен жартысы eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы көрсетілген. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазіргі таңда елде мемлекеттік қызметтердің шамамен 90%-ы онлайн форматта қолжетімді. eGov.kz порталында тіркелген пайдаланушылар саны 15,1 млн адамнан асты. Оның ішінде 610 мың азамат порталға 2025 жылдың басынан бері қосылған.
Министрлік мәліметінше, eGov Mobile қосымшасын 11,7 млн-нан астам қазақстандық пайдаланады. Ай сайынғы белсенді аудитория – 6,4 млн пайдаланушы, ал күн сайын қосымшаға 671 мыңнан астам адам кіреді. 2025 жылы азаматтарға арналған 220 цифрлық сервис пен мемлекеттік қызмет қолжетімді болған.
Негізгі анықтамалармен қатар, жаңа цифрлық сервистер де жоғары сұранысқа ие. Ең көп пайдаланылатын қызметтердің қатарында банк қарыздары мен микрокредиттерден ерікті түрде бас тарту сервисі, соттылықтың бар-жоғы туралы анықтама, сондай-ақ заңды тұлғаның тіркеу әрекеттері жөніндегі анықтама бар.
2025 жылдың маусым айынан бастап азаматтардың құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылын жеңілдетуге бағытталған "Заң мен тәртіп" сервисі іске қосылды. Ол мобильді қосымшалар арқылы қоңырау шалмай немесе жеке бармай-ақ құқықбұзушылықтар туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді.
Тамыз айында eGov Mobile қосымшасына соңғы жылдардағы ең ауқымды жаңарту енгізілді. Негізгі жаңашылдық – жасанды интеллектке негізделген eGov AI интеллектуалды іздеу жүйесінің іске қосылуы.
Ведомство дерегінше, 2025 жылы eGov.kz порталы арқылы 25,7 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ең танымал қызметтердің қатарында зейнетақы аударымдары туралы анықтама алу, емханаға тіркелу және Ф-6 нысаны – жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама бар.
Сонымен қатар биыл мемлекеттік онлайн-сервистердің ақпараттық қауіпсіздігін күшейту және пайдаланушылардың жеке деректерін қорғау шаралары арттырылды. Атап айтқанда, 2025 жылдың қазан айынан бастап eGov.kz порталында авторизациялау тәртібі өзгертілді. Енді электрондық цифрлық қолтаңба арқылы кіргеннен кейін пайдаланушы 1414 нөмірінен жіберілетін SMS-кодпен жеке басын растауы қажет.
Пайдаланушылардың ыңғайлылығы үшін логин мен пароль арқылы кіру мүмкіндігі де сақталған. Бұл ретте жеке басын растау ЭЦҚ көмегімен жүзеге асырылады. Аталған өзгерістер eGov.kz порталына және оның құрамдас сервистеріне – eOtinish, Smart Bridge платформасы мен "Ашық үкімет" порталына қолданылады.