Қазақстандықтар өздерінің материалдық жағдайына риза ма?

564

Материалдық жағдайларына толық қанағаттанғандар ауылдық жерлерде көп. Ал әл-ауқатына риза емес респонденттер үлесі қалада жоғары екен. 

Қазақстандықтар өздерінің материалдық жағдайына риза ма?

Халықтың өмір сүру сапасын зерттеуге арналған сауалнама қорытындысына сәйкес, осымен екінші жыл қатарынан өзінің қаржылық жағдайына толық қанағаттанған азаматтардың үлесі азайып отыр. Биыл респонденттердің 32,1%-ы болса, 2021 жылы ол 40,2%-ды құраған, деп жазады inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап. 

Дегенмен қаржылық жағдайына ішінара қанағаттанған жандардың үлесі бір жыл ішінде 56,3%-дан 64%-ға дейін өсті. Ал сұралғандардың 0,6%-ының қаржылық жағдайына көңілі толмайды. Сауалнамаға қатысқан 3,3% адам жауап беруге қиналған. 

Отбасындағы экономикалық жағдайға толық қанағаттанған респонденттердің үлесі бір жылда 44,1%-дан 34,7%-ға дейін қысқарып отыр. "Ішінара қанағаттанамын" жауабын таңдағандар үлесі 52,8%-дан 63%-ға дейін өскен. Ал отбасындағы қаржылық жағдайға көңілі толмайтындар үлесі азайып, бір жыл ішінде 1,1%-дан 0,5%-ға түскен. Жауап беруге қиналған респонденттер үлесі 1,8% болды. 

Өздерінің қаржылық жағдайына көңілі толатындар арасында ерлер басым. Әйелдер 29,5% болса, ерлер – 35,9%. Ал материалдық жағдайына риза емес респонденттер үлесі бірдей екен. 

Қаржылық жағдайына қанағаттанған респонденттердің ең көп үлесі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (35,7%). Екінші орында жалдамалы жұмысшылар (33,3%) екен. 

Материалдық қамтамасыз ету деңгейін орташа деп бағалаған респонденттердің үлесі 80%-ға жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 65,6%-ды құраған. Материалдық жағдайын орта деңгейден төмен деп көрсеткендердің үлесі айтарлықтай азайып, 11,6%-дан 2,3%-ға дейін жетіп отыр. 

Айта кетейік, халықтың өмір сүру сапасын зерттеуге арналған сауалнама жыл сайын наурыз айында өткізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу