Қазақстандықтар Ресейдің есепке алу ұйымдарында бұғатталған активтерін қалай шығара алады?

2022 жылғы наурызда Ресей үкіметі шетелдік инвесторлар үшін бағалы қағаздармен операцияларға шектеулер енгізді. Нәтижесінде Қазақстан азаматтарының кейбір бағалы қағаздары ресейлік есепке алу ұйымдарында бұғатталған.

Қазақстандықтар Ресейдің есепке алу ұйымдарында бұғатталған активтерін қалай шығара алады? Фото: tengrinews.kz

Орталық депозитарий басшысы Ұлттық есеп айырысу депозитарийіне (ҰЕД) сілтеме жасай отырып, ресейлік бағалы қағаздардан және Ресей Федерациясының есепке алу ұйымдарынан қаражат шығару механизмін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

"Біз бұғатталған бағалы қағаздар туралы айтатын болсақ, ҰЕД-дағы Қазақстанның Орталық депозитарийінің шотына қатысты шектеудің С типіндегі шот ретінде қойылғанын, яғни бұл шоттың пайдалануда шектелген шот екендігі туралы сөз қозғаймыз. Оған қағаздарды кіргізуге болады, ал ол жерден қағаздарды шығаруға болмайды. Онда барлығы 51 эмитенттің 47 акциялар шығарылымы және 21 облигациялар шығарылымы бар. Бұл шығарылымдардың индикативтік көлемі шамамен 35 млрд рубльді құрайды. Олардың шамамен 94%-і облигацияларға тиесілі, жартысынан көбі Ресей заңнамасына сәйкес шығарылған Қазақстан Қаржы министрлігінің еуроноталарына тиесілі", - деп түсіндірді  Әділ Мұхамеджанов Қазақстан қаржыгерлерінің X Конгресінде. 

Тамыз айында Мәскеу биржасы достастық елдердің бейрезиденттеріне акциялар мен облигациялар нарығына кіруге рұқсат берді. 

"Орталық депозитарий ҰЕД-ға сүйене отырып, қазақстандық инвесторлардың активтерін аудару және оларды кейіннен сату үшін бағалы қағазды ұстаушының ресейлік брокерге жүгінуі, онда шот ашуы, осы қағаздарды KCSD арқылы есептен шығаруға және оларды ресейлік брокер арқылы есепке алуға тиісті бұйрықтар беруі тиіс деп түсіндіреді. 

Бағалы қағаздар есептелгеннен кейін оларды ресейлік брокер арқылы Мәскеу биржасында сатуға болады. Осы механизм бойынша бағалы қағаздарды KCSD шотынан ҰЕД-ға шығару бойынша алғашқы операциялар жүргізілді.  Бұл механизмнің жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді", – деді Орталық депозитарий басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу