Қазақстандықтар әкімдер мен министрлерді босату туралы петиция бере алмайды. Бұл туралы Сенат кулуарында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров айтты.
"Осыған дейінгі петицияны орналастыру платформалары ресми емес болды. Қазіргі заң жобасы қабылданған жағдайда заңмен реттелетін ресми ақпараттық платформа пайда болады. Ол е-өтініш платформасында жеке модуль болып белгіленеді. Егер лауазымға тұрғызу немесе одан босату мәселесі Президент, Парламенттің екі палатасы мен Үкіметтің құзыретіне кіретін болса, онда бұл петиция арқылы қаралмайды", - деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров.
Ол жергілікті ауылдық округтерде әкімдердің сайлауы өткенін еске салды.
"Бұдан бөлек аудандық әкімдерді, облыстық деңгейі бар қалалардың басшыларын сайлау басталып жатыр. Бұл процесс жүріп жатыр. Қалған лауазымдар – Президент, Парламент (депутаттары) халықпен сайланғандықтан, сонымен бірге министрлер алдымен бұл лауазымға тұруы үшін Парламенттің келісімінен өткеніне байланысты жанама түрде азаматтардың бұл сайлауға құқықтары сақталады деп есептейміз", - деді вице-министр.
Тілшілер спикерге "Бұл құжат новелласы халықтың үнін билікке жеткізуде кедергі болады деп ойламайсыз ба?" деген сауал қойды.
"Мұнда заң бұзушылыққа жол бермеу керек. Заң үстемдігі биік болуы тиіс. Петицияның ең басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіне араласуы. Петиция дегеніміз өтініш, арыз, шағым емес, бұл ұсыныс. Ұсыныс заңға қайшы келсе, ол қарастырылмайды", - деп нақтылады министрлік өкілі.