Қазақстандағы Шенген консулдығы визалық өтініштердің рекордтық санын өңдеді – 160 мың. ЕО мен Қазақстан арасындағы әуе қатынасын дамытуға ықпал ететін авиациялық келісім дайын. Бұл туралы Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еурокомиссияның вице-президенті Жозеп Боррель Астанаға ресми сапарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
"Бұл біздің қарым-қатынастың серпінді динамикалық дамуының көрсеткіші", - деді Еурокомиссияның вице-президенті Жозеп Боррель.
Сондай-ақ, жоғарғы өкіл Еуропа командасының құны 20 миллион еуро болатын цифрлық спутниктік байланыс бастамасын жүзеге асыру бағытында жұмыстың жалғасып жатқанын айтты. Алдымен қауіпсіз спутниктік байланыс саясаты мен нормативтік базаны әзірлеу қажет.
Бұған дейін қазақстандықтар үшін Еуроодақ елдеріне визалық режим жуырда жеңілдеуі мүмкін екендігі туралы айтылған болатын.
Айта кетейік, биыл 5 айдың ішінде Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы сауда айналымы 20,2 млрд долларға жеткен.