Қазақстандықтар сотқа жиі жүгіне бастады

771

Елімізде азаматтық даулар саны айтарлықтай өскен.   

Қазақстандықтар сотқа жиі жүгіне бастады Фото: AI Atameken Business

2026 жылдың алғашқы алты айында азаматтар, заңды тұлғалар мен компаниялар сотқа 506,1 мың азаматтық талап-арыз берген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Finprom.kz порталына сілтеме жасап.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен үштен бірге көп. Соңғы он жылдағы алғашқы жартыжылдық көрсеткіштерін салыстырғанда, бұл – 2015 жылдан бергі ең жоғары нәтиже.

Талап-арыздардың ең көп саны Алматыда тіркелген. Қала тұрғындары мен компаниялары 122,6 мың шағым түсірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32,1%-ға көп. Шымкентте – 44,2 мың, Астанада – 35,7 мың арыз тіркелген. Ең төмен көрсеткіш Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалды.

Жалпы, Қазақстанда сотқа жүгіну көрсеткіші соңғы жылдары тұрақты өсіп келеді. 2020 жылы 474,1 мың азаматтық талап-арыз берілсе, 2025 жылы олардың саны 845,1 мыңға жеткен. Әсіресе 2024 және 2025 жылдары өсім айтарлықтай болған.

Қандай мәселелер бойынша сотқа жүгінеді?

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ең көп талап-арыз келісімшарттарға байланысты дауларға қатысты болды. Келісімшартты жасау, өзгерту немесе бұзу бойынша 240,3 мың талап түскен.

Оның ішінде жеке тұлғалар мен банктер арасындағы даулардың саны да едәуір артқан. Мұндай талап-арыздар 135 мыңға жетіп, бір жылда 59%-ға көбейген.

Тағы бір өсім байқалған бағыт – қарыздарды өндіріп алу және медиативтік келісімдерді орындау. Бұйрық арқылы іс жүргізу бойынша істер саны бір жылда 74,1%-ға өсіп, 80,5 мыңға жеткен. Бұған медиация нәтижесінде жасалған келісімдерді сот арқылы орындау тәжірибесінің кеңеюі әсер еткен.

Сонымен қатар банкроттық туралы істер де көбейіп отыр. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында олардың саны 6,4 мыңнан 13,7 мыңға дейін өсіп, екі еседен астам артқан.

Сотқа азаматтар еңбек өтілін растау, туыстық қатынастарды анықтау, әкелікті тану, мұраны қабылдау сияқты мәселелер бойынша да жүгінеді.

Сот шешімдері кімнің пайдасына шығарылады?

Берілген барлық талап-арыз сотта міндетті түрде қаралмайды. Кейбір арыздар қайтарылады немесе басқа соттарға жіберіледі. Мәселен, 2026 жылдың алғашқы екі тоқсанында түскен 506,1 мың арыздың 345,4 мыңы бойынша ғана азаматтық іс қозғалған. Оның ішінде 212,9 мың іс шешім шығарылып қаралған.

Қаралған істердің 91,2%-ы талапкерлердің пайдасына шешілген. Яғни 194,1 мың талап-арыздың талаптары қанағаттандырылған.

Мамандардың деректеріне қарағанда, азаматтардың сотқа жиі жүгінуіне бірнеше фактор әсер етеді. Бір жағынан, халық өз құқықтарын сот арқылы қорғауға көбірек жүгініп жатыр. Екінші жағынан, келісімшарт, қарыз, банк, банкроттық және басқа да азаматтық даулардың көлемі артып келеді.

Жалпы статистика Қазақстанның сот жүйесіне түсетін жүктеменің жылдан-жылға өсіп келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар азаматтардың даулы мәселелерді шешуде сотқа жүгінуі қалыпты әрі кең таралған тәжірибеге айналып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу