Танымал журналист Нұрбек Бекбау бастаған бір топ қазақстандық Түркияның Қаһраман Мараш облысына жеткізілген киіз үйлерді орната бастады, деп жазады inbusiness.kz.
Бастапқыда өңірге 30 киіз үй жеткізілген.
"Артығымен айту күллі түріктекті жұртқа тән екен ғой. 30 киіз үйді 300 келді, дейді. Бұл қарағандылық ағайынның боз үйлері. Ертең 84 киіз үй келуі керек", – деп жазды журналист Инстаграм желісіндегі парақшасында.
Оның айтуынша, жер сілкінген соң өңірде күн күрт суытып кеткен.
"Өте суық. Балалар тоңып, үйінді астында қалып қойған тірілер үсіп, мерт болып жатқанын да естіп жатырмыз. Өзіміз тіккен киіз үйде, міне, өзіміз түнеп көріп, эксперименттен өткізіп жатырмыз. Жорықтық көрпе, жылытқыш электр пеш керек екен. Сосын қалың жамылғылар керек", – деп жазды журналист.
Айта кетейік, Қаһраман Мараш облысы Түркия тарихындағы ең қуатты жер сілкінісінің ошағы саналады.
Еске сала кетсек, 8 ақпан журналист Нұрбек Бекбау зілзаладан зардап шеккен Түркия халқына киіз үй жіберу туралы ұсыныс айтқан. Бұл бастаманы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы жеткізді. Кейін оны қазақстандықтар қолдап, қаражат жинай бастады.