Жамбылдықтар зілзаладан зардап шеккен Түркия еліне 120 тонна гуманитарлық көмек жөнелтеді. Облыс тұрғындары арнайы қор ашып, екі күн ішінде 9 миллионға жуық қаржы жинаған.
Байзақ ауданының 5 ауылы мен Тараз қаласында 20 тонналық 6 жүк көлігі қойылған. Жиналған қаржыға азық-түлік, киім-кешек пен көрпе төсек сатып алынды. Бұдан бөлек, жергілікті жұрт та барымен бөлісіп жатыр, ал облыстық Ассамблея өкілдері мен Жастар орталығының еріктілері жылу жинауға кіріскен. Жүк көліктері бүгін Алматы қаласының әуежайына жолға шығады. Әрі қарай гуманитарлық көмек елшілік ұсынған ұшаққа тиеледі.
Түркия елшілігімен хабарласып, бізге ұшақ берді. Екі мың адам жиналды. Сол ақшалай бір шот ашып, сол шотқа ақшаны жіберді. Ең қажетті заттарды алып жіберейік дедік, - деді Ислам Бишлеев, Қостөбе ауылының тұрғыны.
Сонымен қатар "Turkistan" халықаралық әуежайы бастама көтеріп, қазіргі таңда түркістандықтар 10 тоннаға жуық киім-кешек, көрпе-төсек, тұрмысқа қажетті заттар жинап үлгерді.
Бүгін 1 тонна жүкті жеткізу үшін "Fly Arystan" әуе компаниясы демеушілік жасап, Ыстамбұлға ұшақ жөнелтіп отыр. Түркиялық бауырларға жәрдем беру үшін облыстың барлық аудан-қаласы атсалысып жатыр. Арнайы көлік ұйымдастырып, жиналған заттарды "Turkistan" әуежайының қоймасына алып келуде. Ертең, 11 ақпан күні де жиналған жүкті арту үшін "Turkish Airlines" әуе компаниясының ұшағы мен "Turkish Cargo" жүк ұшағы арнайы Түркиядан келеді.
Жүктерді тасып, тиеу жұмыстарына түркістандық жастардан құралған еріктілер де атсалысып жатыр. Қазіргі таңда 18 волонтерлық ұйым және 500-ден астам ерікті жас жұмылдырылды. Облыстық деңгейде негізгі 3 штаб жұмыс істеп тұр. Жалпы аудан, қалаларда 20 штаб құрылып, көмек жинауды жалғастырып отыр.