Елімізде тұрғындар үй алу үшін зейнетақы жинағынан 1,4 трлн теңге алған, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ресми сайтына сілтеме жасап.
2021 жылғы 20 мамырдағы мәліметке сәйкес, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 280 709 өтінішті орындады.
"287 мыңнан аса адам біржолғы зейнетақы төлемін алу құқығын пайдаланды. Уәкілетті оператор – банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 1,3 трлн теңгеден аса қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемінің орташа сомасы – 4,7 млн теңгеден асады", - деп жазылды сайтта.
Зейнетақы жинағындағы қаржыны үй алуға жұмсау үшін өтініштің басым бөлігін 3 өңірдің тұрғындары жіберген.
"Қабылданған өтініштің басым бөлігін Маңғыстау облысы (16,9%), Алматы қаласы (16,5%), Нұр-Сұлтан қаласының (13,1%) тұрғындары тарапынан жолданды. Еnpf.kz сайтындағы "Көрсеткіштер" бөлімінде салымшылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсатқа пайдалануды жоспарлайтыны туралы толық ақпарат жарияланды", - деп жазылды хабарламада.
Бүгінде зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар "Отбасы банкі", "Халық банкі", "Altyn Bank", "Банк ЦентрКредит" болып саналады.
Айта кетейік, қазақстандықтар зейнетақы жинағынандағы қаржыны емделуге алу үшін БЖЗҚ-ға 8152 өтініш жіберген. Оның ішінде 5,1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді немесе 5295 өтініш қабылданды, орташа сома – 1 млн теңге.
Сонымен қатар, салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы жеке шотына уәкілетті оператордан ("Отбасы банкінен") 1,2 млрд теңгесі қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.