Ақпан айында қазақстандықтар ипотекалық несиелерге қарағанда, автонесиелерді жиі рәсімдеген. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюроның Телеграм арнасы таратқан мәліметтен белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Data Hub-қа сілтеме жасап.
Жеке тұлғаларға берілген қарыздың жалпы сомасы қаңтарға қарағанда 1,7%-ға артты.
"Автонесие беру бір айлық мәнде 36,1 пайызға ұлғайып, 165 млрд теңгеге жетті. Қаңтар айында бұл көрсеткіш күрт төмендегеннен кейін қалпына келгені байқалады. Қазіргі деңгей бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда өте жоғары. Бір жылдағы өсім 28,8%-ға тең", - деді сарапшылар.
Белгілі болғандай, берілген ипотекалық қарыздардың көлемі екінші ай қатарынан төмендеп отыр. Алайда ақпан айында тиісті көрсеткіш 152,8 млрд теңгеге дейін төмендеп, тек 0,2%-ды құрады.
"Ақпан айында берілген автокредиттердің көлемі 11 айда алғаш рет ипотекалық қарыздардың көлемінен асып түсті", - делінген хабарламада.
Сарапшылар ақпанда кепілсіз тұтынушылық несие беру көлемі 4,1%-ға төмендеп, 838,5 млрд теңге болғанын айтады. Бұдан басқа осы салада қарыз алушылар санының азаюы да тіркеліп отыр. Өткен айда қаңтармен салыстырғанда мұндай несиені 14,6%-ға аз адам алған. Несиелердің саны 21,2%-ға қысқарды.