Биыл үш мың қазақстандық қажылыққа барады

895

Алғашқы топ ертең, 9 тамыз күні Алматы қаласынан ұшады. 

Биыл үш мың қазақстандық қажылыққа барады

Бұл туралы қоғамдық даму министрлігінде өткен жиында мәлім болды, деп хабарлайды abctv.kz.

Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арынның айтуынша, Сауд Арабиясы биыл үш мың қазақстандыққа квота бөлген. 

"Қажылық парызын өтеушілердің алғашқы тобы 9 тамыз күні Алматы қаласынан аттанады. Биыл қажылыққа бөлінген квота өткен жылмен салыстырғанда 500 адамға көп. Қасиетті сапарға барушыларға 18 қажылық компаниясы қызмет көрсететін болады. Әр компанияға бір-бір білікті имамнан бекітіледі. Сондай-ақ әр компанияда медициналық қызметкер болуы шарт", - деді Берік Арын қажылық сапарды ұйымдастыру туралы өткен жиында. 

Оның сөзінше, қажылыққа барушылардың соңғы делегациясы 15 тамызда аттанады. Олар 27 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында біртіндеп елге орала бастайды. 

Биыл алғаш рет төрт қаладан тікелей рейс ұйымдастырылып отыр. Атап айтқанда, қажылыққа барушылар Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларынан ұшады. 

Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың айтуынша, визаға қатысты мәселе жоқ. Қазақстандықтар қасиетті сапарда бір үлгідегі киіммен жүреді. Қажылыққа барушылар үшін сегіз жерде екпе алу ұйымдастырылған. Биыл екпе бағасы айтарлықтай қымбаттап, 28 мың теңгені құрады. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу