Қазақстандықтар үшін Ресей азаматтығын алу тәртібі жеңілдейді

363

Бізден бөлек, Беларусь және Молдова мемлекеттеріне де жеңілдік жасалмақ.

Қазақстандықтар үшін Ресей азаматтығын алу тәртібі жеңілдейді Фото: ruroom.net

Енді қазақстандықтар үшін Ресей азаматтығын алу бұрынғыға қарағанда анағұрлым оңай болады. Бүгін көрші ел Президенті тиісті жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Беларустардың жеке басын және азаматтығын растайтын құжаттар ұсынғаны жеткілікті. Ал қазақстандықтар мен молдовалықтар азаматтық алу туралы өтініш беріп, орыс тілін білетінін растауы қажет. Ресей мұндай қадамға не үшін барып отыр?

Бұл тақырып төңірегінде саясаттанушы мамандармен тілдесіп көрдім. Олар мұның 2 негізгі себебі бар, дейді. Алдымен құлаққа түрпідей тиетініне тоқталайық. Ресей осылайша біртіндеп соғыс режиміне көшіп жатыр, азаматтықты беру талаптарын жеңілдету соның алғашқы қадамы, дейді мамандар. Ол соғыста қанша азаматын жоғалтқанын ашып айтпай отыр. Бірақ шын мәнінде әскерилерге зәру екен. Ал ол елдің заңына сәйкес, шетелдік болғанына қарамастан, Ресей азаматтығын алған адам мобилизацияға тартылады.

"Ресейге біріншіден жұмыс күші керек, оларды міндетті түрде соғысқа апармаса да, әртүрлі соған жақын қара жұмысты атқаратын немесе басқа да жұмысты істейтін мамандар жетпей жатыр. Бұл мобилизацияның, шетелден азамат тарту, шетелдегі өздерінің отандастарын ішке қарай тарту саясаты, бұрыннан келе жатқан саясатының жалғасы. Бірақ қазіргі контекстіде соғыс жағдайында ол мүлдем басқаша естіледі және мақсаты да анық сияқты", - дейді  Саяси шолушы Жанат Момынқұлов.

Екінші негізгі себебі  демография. Украинамен қақтығысы басталғалы, ол жағы да көңіл көншітпей тұр. Жыл сайын бұл елден кемінде жарты миллион адам сыртқа ағылып жатыр. Осылайша 2046 жылға дейін халық саны 138 миллионға дейін азаяды деген дерек бар. Бұл елдің экономикалық қауіпсіздігіне үлкен қауіп төніп тұрғанын білдіреді.

"Бұларда Қазақстанға қарағанда демографиялық өсімді жасақтайтын үлкен пакет қалыптасқан. Өкінішке қарай, ол әлеуметтік пакет өзінің септігін, пайдасын тигізіп жатқан жоқ. Бәрібір мықты мамандар шетелге ауысып кетіп жатыр. Соңғы екі жылдағы Украинамен болып жатқан қарулы қақтығыстардың өзінде 250-300 мың халықтың қырылуы аз көрсеткіш емес. Еңбек ресурстарын қалыптастыратын азаматтардың көптеп кетуі шын мәнінде демографияға үлкен соққы болып тиіп отыр", - дейді саясаттанушы Мақсат Жақау.

Яғни, Ресей өз азаматтығын беру арқылы көбіне мемлекетке пайда әкелетін азаматтарды тартпақшы деп айтуға негіз бар. Сондықтан көрші ел білімді азаматтарын жұлып әкетіп жатқанда Қазақстан да қол қусырып отырмауы керек.

"Бұның өзі біз үшін экономикалық қауіпсіздік мәселесін тудырады. Себебі, бізден де мықты мамандар жақсы ұсыныстармен, жақсы қызметтерге, Ресейге кетіп қалуы мүмкін. Бұл жерде ішкі мемлекеттік бағдарламалар мықты болуы керек. Ал Ресейдің мүддесінде жақсы мүмкіндік Қазақстанда орыстілді аудитория өте көп. Және оларды шақыруға да мүмкіндік алып отыр. Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің азаматтарына қарағанда потенциалы өте жоғары. Әсіресе, жоғары білімі бар азаматтардың санымен салыстыратын болсақ", - дейді саясаттанушы Мақсат Жақау.

Ресейдің қазіргі жағдайын ескерсек, бұл бастама тек Солтүстік өңірлердегі орыстілді азаматтарға қызық болуы мүмкін. Бірақ қарнының ашқанын емес, қадірінің қашпауын ойлайтындар бәрібір елде қалуы тиіс, дейді сарапшылар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу