Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығында №255-ші сайлау учаскесі таңғы сағат 7-ден дауыс берушілерді қабылдауда, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі.
Түркияның Ыстанбұл қаласындағы Қазақстан азаматтары елдегі саяси науқанға белсенділік танытуда. ҚР Бас консулдығының мәліметінше, Ыстанбұл қаласындағы №255 сайлау учаскесінде шамамен 500 қазақстандық сайлаушы ретінде тіркелген. Түркия уақытымен сағат 16:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 58 пайызға жуығы өз құқықтарын қолданған.
Бас консул Әлім Байелдің айтуынша, Ыстанбұлдан бөлек басқа қалаларда білім алып жүрген студенттер де сайлауға қатысып жатыр.
"Дауыс бергендердің арасында Ыстанбұлда тұрақты тұратын азаматтар, студенттер, туристік мақсатпен уақытша жүрген қазақстандықтар, сондай-ақ, Бурса және Сакарья сияқты қалалардан арнайы келген отандастарымыз бар".
Ал Ыстанбұлға жақын қалаларда оқып жатқан қазақ білімгерлері үшін Бас консулдық автобустармен тасымал ұйымдастырған. Сондай-ақ, Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келіп отырған сайлауға қатысқан азаматтар арнайы әзірленген палау мен бауырсақтан дәм татты. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін жалғасады.