Қазақстандықтар жаңа Конституция ережелерінің 98%-ын қолдайды – Елнұр Бейсенбаев

302

Жаңа Конституцияның алғашқы баптарынан-ақ оның тұжырымдамалық сипаты айқын көрінеді.

Қазақстандықтар жаңа Конституция ережелерінің 98%-ын қолдайды – Елнұр Бейсенбаев Фото: t.me/consot_kz

Бұл – әділеттілікке, тәртіпке және тұрақтылыққа негізделген қоғам сұранысына мемлекеттің нақты жауабы.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты, "Amanat" партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев енгізіліп жатқан өзгерістердің қисынын осылай деп түсіндірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, жаңа Конституцияның өзегінде қоғамдағы келісімді сақтау және өткен қателіктерді қайталамау қағидаты жатыр.

"Конституцияның 2-бабының 1-тармағында Қазақстанның президенттік республика болып қала беретіні және Мемлекет басшысының билік тармақтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз ететіні нақты көрсетілген. Ал 43-баптың 1-тармағында Президент бір рет, жеті жыл мерзімге сайланатыны бекітілген. Бұл – биліктің монополиялануына жол бермейтін нақты норма. Осы баптың 5-тармағында аталған ереже өзгертілмейтіні жазылған. Осылайша, "мәңгі билік" туралы кез келген алыпқашпа әңгімеге тосқауыл қойылады", – деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар, ол Президенттің жақын туыстарының саяси және басшылық қызметтерді атқаруына тыйым салу да маңызды өзгерістердің бірі екеніне арнайы тоқталды. Бұл қағида 45-баптың 3-тармағында нақты бекітілген.

"Қазақстан ашық әрі нақты ережелер енгізіп отыр. Бұл шешімді біз 2022 жылғы референдумда қабылдадық және оны жаңа Конституция жобасында қайта бекітіп отырмыз", – деді Мәжіліс депутаты.

Комиссия мүшесі азаматтардың мемлекет өміріне араласу мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ Ата заңдағы құндылықтар мен құқықтық кепілдіктерге, әсіресе Преамбуладан бастап берілген нормаларға айрықша тоқталды.

"Алғаш рет Преамбулада Әділетті Қазақстан идеясы мен "Заң және Тәртіп" қағидаты айқын көрініс тапты. Енді азаматтардың жағдайын нашарлататын немесе жаңа міндеттер жүктейтін заңдар (5-баптың 5-тармағы) кері күшке ие болмайды. Бұл – қабылданған шешімдердің өзгертілмейтіндігі мен "Заң және Тәртіп" қағидатының мызғымастығын көрсетеді. Сонымен қатар, Конституция алғаш рет азаматтардың цифрлық кеңістіктегі жеке өмірін – дербес деректер мен электронды хат алмасуды қорғауға алады (21-бап)", – деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты.

Депутаттың пікірінше, Конституциялық реформа және азаматтардан түсіп жатқан ұсыныстар мемлекет пен қоғамның кемелденгенін аңғартады.

"Мазмұндық тұрғыда қазақстандықтар жаңа Конституция ережелерінің 98%-ын қолдайды. Жаңа Конституция – Қазақстанның дамуының айқын дәлелі. Бұл – күшті әрі әділетті мемлекет жолындағы саналы таңдау. "AMANAT" партиясы барша азаматты еліміздің болашағы үшін бірлесе еңбек етуге шақырады", – деп түйіндеді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу