Енді кәсіпкерлер жеке кәсіпкерліктің (ЖК) атауын салық органына бармай-ақ өзгерте алады, деп жазады inbusiness.kz сайты Uchet.kz-ке сілтеме жасап.
Тіркеу деректерін eLicense.kz порталы немесе кейбір екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жаңартуға болады.
Кәсіп атауын өзгерту үшін кәсіпкер eLicense.kz порталында ЭЦҚ немесе SMS-пароль арқылы авторизациядан өтуі керек. Одан кейін жеке кәсіпкерліктің тіркеу деректерін өзгерту қызметін таңдап, бизнестің жаңа атауын енгізеді. Кейін хабарлама электронды қолтаңбамен расталып, автоматты түрде мемлекеттік кірістер органдарына жіберіледі.
"Өтініш тексерілгеннен кейін жаңа мәліметтер барлық мемлекеттік деректер базасында автоматты түрде жаңартылады", – делінген хабарламада.
Тіркеу деректерін өзгерту ҚР Салық кодексінің 80-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
Заң талаптарына сәйкес, тіркеу деректері өзгерген жағдайда бұл туралы хабарлама 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберілуі тиіс.