Қазақстандықтар жылына 550 мың тонна қант тұтынады

574

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қант зауыттарын қаржыландыру барысы мен отандық қант өндірісінің жағдайы талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz министрлікке сілтеме жасап.  

Қазақстандықтар жылына 550 мың тонна қант тұтынады Фото: gov.kz

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, бүгінде 18 өңір шикі қантты сатып алу және қайта өңдеу үшін 18,3 млрд теңге сомасында қант зауыттарын қаржыландырды.

"Ақсу Кант" зауыты соңғысы болып қалған еді, бірақ онымен Алматы ӘКК 2,6 млрд теңгеге тауар жеткізуге келісімшартқа қол қойды", – деді Арман Шаққалиев.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша Қазақстанның қант зауыттарының жалпы тәуліктік қуаты қант қызылшасын өңдеу бойынша 8,7 мың тоннаны және қамыс шикізаты бойынша 2,4 мың тоннаны құрайды. Бұл ретте елімізде қантты жылдық тұтыну – 530-550 мың тонна, отандық шикізат есебінен қамтамасыз ету – 10%-дан аз.

"2022 жылы ішкі нарықты отандық шикізатты қайта өңдеу есебінен қантпен қамтамасыз ету 51%-ды құрады, оның ішінде қызылша қант есебінен – 6% (33 мың тонна). Биыл зауыттар 400-450 мың тоннаға жуық қант өндіруді жоспарлап отыр, оның ішінде 50 мың тонна қызылша шикізатынан, қалған көлемі шикі қамыс қантынан өндірілмек. Осы мақсатта Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдіктері қант қызылшасының егіс алқаптарын 6,5 мың гектарға (11,6 тонна гектардан 18,1 тонна гектарға дейін) кеңейту жұмыстарын жүргізуде", – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

Сонымен қатар қант саласын қолдау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының көлемі үшін субсидиялар нормативтерін тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтты.

2022 жылы Жетісуда орналасқан Ақсу қант зауытының жұмысы тоқтатылды. Қазір зауытта қуаты айына 10 мың тонна қамыс шикізатын өңдеу желісін орнату жұмыстары жүргізілуде. Жетісу әкімдігінің мәліметінше, зауытта 3 мың тонна қамыс шикізаты сатып алынған, "Ақсу кант" ЖШС қамыс шикізатын қайта өңдеу бойынша технологиялық желінің дайындығы – 98%.

Қолданыстағы проблемалардың бірі – қанттың соңғы құнына әсер ететін мазуттың жоғары құны. Өз тарапынан энергетика вице-министрі Мағзұм Мағауов қазіргі уақытта мазут бағасы ірі шикізат иегерлері арасында 100-ден 130 теңге/кг-ға дейін төмендегенін хабарлады. Ол шикізат иелерінің осы бағалар бойынша келісімшарт жасасуға дайын екенін растады.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин әкімдікке Ақсу қант зауытын қысқа мерзімде іске қосуды, ал Энергетика министрлігіне өндірушімен мазут жеткізуге келісімшарт жасасу бойынша қант зауытына жәрдем көрсетуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу