Қазақстандықтар жылына жарты миллион тонна қант тұтынады

1350

Қазақстанға қажет қант 100 % елімізде өндірілмек.

Қазақстандықтар жылына жарты миллион тонна қант тұтынады

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірдің әлеуметтік экономикалық  дамуының биылғы жылғы 10 айын қорытындылап өткізген баспасөз мәслихатында қант өндірісі жайлы айтып өтті.

Амандық Баталовтың айтуынша, облыс көлемінде қантқа деген қажеттілік толықтай қанағаттандырылған.

"Алматы облысының қантқа деген сұранысы 30 мың тонна. Облыста 52 мың тонна ақ қант өндіруді жоспарлап отырмыз. Облысты қантпен 100% қамтамасыз етіп, артығын басқа өңірлерге шығарамыз. Биыл 550 мың тонна қант қызылшасын жинаймыз. Тұрмыстық және өндірістік қант тұтыну республикада 480 мың тонна", – деді облыс әкімі.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов алдағы уақытта бүкіл республикаға қажетті қант Жетісу өңірінде өндірілетінін айтты.

"Қант қызылшасымен жұмыс 4-5 айға ғана созылады. Сол себепті қалған уақытта да жұмыс істеу үшін осы салаға маманданған екі кәсіпкермен келісімге келдік. Олар Бразилиядан қант құрақтарын әкеледі. Шикізатты  әуелі кемелермен Ресей порттарына дейін, содан кейін темір жолмен зауытқа жеткізеді. Қазір осы шикізатты өңдейтін құрал-жабдық орнатып жатырмыз. Келесі жылдың ортасына қарай іске кірісеміз. Сол кезде қант қызылшасымен бірге есептегенде, елге қажетті 480 мың тонна қанттың 300 мың тоннасына жуығын Алматы облысында өндіруге қол жеткіземіз. Ал егер қант өндіруге Жамбыл облысы да көмектессе, республикаға қажетті қант толығымен өзімізде шығатын болады", – деді Амандық Баталов.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу