Премьер-министр Олжас Бектенов қазақстандықтар үшін сумен жабдықтау мәселесі ең өзекті екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Азаматтардың арыз-шағымдарын талдау барысы сумен жабдықтау ең өзекті мәселелердің бірі болып екенін көрсетіп отыр. 2023 жылдың басынан бері тек мемлекеттік органдардың өзіне тұрғындардан 43,5 мыңға жуық ресми өтініш келіп түскен. Көпшілігі әбден тозығы жеткен желілердің жиі істен шығатынына шағымданады. Мысалы, Ақмола облысында Нұра топтық су құбырының тозуына байланысты өткен жылы жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі жарияланды. Болашақта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін тозу деңгейі 70%-дан асып кеткен желілерді ауыстыру жобаларын басым тәртіппен әзірлеу қажет", - деді Үкімет басшысы.
Олжас Бектенов өңірлер жобалық-сметалық құжаттаманы уақтылы әзірлеу жұмыстарын жандандыруға тиіс екенін жеткізді.
"Мысалы, Атырау қаласында сорғы-сүзгі станциясын жаңғырту жобасын әзірлеу ұзақ уақытқа созылды. Ал оның тозуы шамамен 90%-ды құрайды. Әкімдікке ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін жобаны әзірлеуді аяқтауды және оны дереу іске асыруға кірісуді тапсырамын. Дайын жобалардың болмауына байланысты Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалмай қалу қаупі жоғары аймақтар бар. Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері осы бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет. Маңғыстау облысының тұрғындарынан тұрақты негізде шағымдар түседі", - деді Премьер-министр.