Коронавирустың "омикрон" атты жаңа штамының таралуына байланысты Мысырда демалып жатқан қазақстандықтар репатриациялық рейспен үйлеріне қайтарылады, деп жазады ibusiness.kz Қазақстан туроператорларының қауымдастығына сілтеме жасап.
"Қазіргі уақытта Мысырда (Қазақстаннан) 4 мыңға жуық турист бар. Олардың барлығы алдағы күндері "Эйр Астананың" 23 репатриациялық рейстерімен Қазақстанға қайтарылады", – деп жазылған қауымдастықтың таратқан мәлімдемесінде.
Сонымен қатар ұйым Мысырға жаңа жылдық тур сатып алған туристер бағытын өзгертіп, ақшасын қайтара алатынын еске салды.
Бұған дейін хабарланғандай, COVID-19 таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) коронавирустың жаңа "омикрон" штамының таралу қаупіне байланысты 3 желтоқсаннан бастап Мысырға рейстерді тоқтатуды ұсынады.