Қазақстандықтардың 46%-ы бейбіт митингілерге сенеді

787

Бұл Demoscope бюросының әлеуметтік сауалнамасы арқылы анықталды.

Қазақстандықтардың 46%-ы бейбіт митингілерге сенеді

Demoscope бюросы халықтың шерулерге көзқарасын анықтау үшін арнайы әлеуметтік сауалнама жүргізген. Нәтижесінде респонденттердің 43%-ы бейбіт митингілерді қолдаса, 41 %-ы жауап беруден бас тартқан, ал 16%-ы теріс көзқараста екенін айтқан.

"Көпшілік жеке қауіпсіздік тұрғысынан жауап бергілері келмеді. Қалай болғанда да, респонденттердің басым бөлігі бейбіт шерулерді қолдайтыны анықталды", – деді зерттеу авторлары.

Одан бөлек сауалнамаға қатысқандардың 46%-ы митингілер ел үкіметі қабылдайтын шешімдерге әсер ететініне сенеді. Респонденттердің 40%-ы шерулер елдегі жағдайды ушықтырып жібереді деп есептейді. Ал сұралғандардың 14 %-ы бұл сұраққа жауап беруден бас тартқан.

Сонымен қатар, респонденттердің 73%-ы митингілерді биліктің рұқсатымен өткізу керек деген пікірде. Ал қалған 17%-ы олармен келіспейді.

"Егер қазақстандықтар дамыған демократия жағдайында өмір сүрмегенін, халықаралық құқық стандарттарымен жақын таныс еместігін ескерсек, бұл көрсеткіштер қалыпты", – дейді Demoscope бюросының өкілдері.

Қоғамдық пікірдің тағы бір индикаторы митингілерге қатысқандарды тұтқындау мәселесіне қатысты болды. Олардың 58%-ы белсенділерді заңсыз ұстады десе, 24%-ы билікті қолдайды, бейбіт шеруге шыққандарды қоғамдық тәртіпті бұзды деп есептейді.

Жалпы сауалнамаға еліміздің 14 облысы бойынша 1100 адам қатысқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу