Қазақстандықтардың 64 пайызы фамилиясындағы -ов жалғауынан бас тартпаған

263

2021 жылғы санақ кезінде Қазақстанда Азамат есімді 63 мың ер адам және Аружан есімді 73 мың әйел тұрған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстандықтардың 64 пайызы фамилиясындағы -ов жалғауынан бас тартпаған Фото: ortcom.kz

Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша Қазақстан халқының танымал есімдері мен тектеріне шолу жасады.

Жарияланымдағы деректерге сәйкес, 10 реттен көп кездесетін 33 мыңнан астам есім және 100-ден астам рет кездесетін 29 мың тектің бары анықталды.

Электронды кестеде қазақтардан кейін Қазақстанда көп деп саналатын орыс және өзбек ұлтының танымал есімдері мен тектері көрсетілген.

10 000-нан астам рет 136 ер және 146 әйел есімдері кездеседі.

Осылайша, ер адамдар арасында ең танымал есімдер Азамат (63 мың адам), Серік (53 мың адам), Марат (50 мың адам), әйелдерде — Аружан (73 мың адам), Мадина (59 мың адам), Динара (59 мың адам) болды.

Ерлер мен әйелдер арасында бір мезгілде танымал болған есімдер — Бақыт пен Сәулет. Ерлерге де, әйелдерге де тән есімдері бар адам саны — 585 мың.

Қазақ ер есімдеріне ең көп жалғанған сөздер — "бай", "бек", "жан", "хан" болды.

"Бек" өткен ғасырда өте танымал болғанымен, 2000-шы жылдардан кейін бәсеңдей бастады.

Бұл ретте құрамында "хан" сөзі бар есімдер соңғы 30 жыл бойы тұрақты түрде өсім көрсетіп келеді.

Әйел есімдерінде ең жиі кездесетін "гүл" сөзі 1950 жылдардан бастап 2000 жылдарға дейін өте танымал болған.

Электрондық кесте деректеріне сәйкес, қазақтардың қысқа есімдерді көбірек ұната бастағанын да байқауға болады.

Бір қызығы, 70-80 жылдарды қоспағанда ерлердің есімі әйелдердікінен ұзағырақ болған.

Қазақстанда 10 000-нан астам рет 69 қазақ тегі кездеседі.

Осылайша, қазақтың алғашқы тектер үштігіне Ахметов (56 мың), Серік (39 мың), Омаров (36 мың) кіріп отыр.

Қазақтар арасында ов, ев, ин (ова, ева, ина) жалғауларына аяқталған тектер үлесі — 64%.

Алайда, әр жылы туғандардың тектерін талдасақ, аталған жалғаулары бар тектер үлесінің азаю динамикасын байқауға болады.

Диаграммаға қарап, көптеген қазақстандықтың әкесінің аты дегенде -вич, -вна жалғауларынан гөрі ұлы/қызы дегенге көшіп жатқанын көріп отырмыз.

Қазақстанда атымен де, тегімен де аттас азаматтар саны аз емес.

Осы ретте Серік Ахметов (415) пен Айзере Серік (517) деген есімі мен тегі бірдей адамдар ең көп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу