Қазақстандықтардың басым бөлігі елдің даму бағытын оң бағалайды – сауалнама нәтижесі

89

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, азаматтардың 73,3 пайызы елдің даму бағытын дұрыс деп есептейді. 

Қазақстандықтардың басым бөлігі елдің даму бағытын оң бағалайды – сауалнама нәтижесі Фото: liter.kz

Мемлекеттік бастамаларға қолдау көрсетудің ең жоғары деңгейі жастар арасында байқалды – 18-29 жас аралығындағы респонденттердің 82 пайызы елдегі өзгерістерді оң бағалаған, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Сондай-ақ әйелдердің 75,3 пайызы елдің дамуына сенім білдірсе, бұл көрсеткіш ерлер арасында 71,1 пайызды құрады.

– Қоғамдық көңіл-күйдің негізгі көрсеткіштерінің бірі – халықтың Президентке деген сенімі. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 76,4 пайызы Мемлекет басшысына сенім білдірген. Бұл көрсеткіш жастар арасында – 84,6%, әйелдер арасында – 78,1%, ерлер арасында – 74,5% деңгейінде. Ауылдық және қалалық тұрғындар арасында сенім деңгейі шамалас - тиісінше 76,8% және 76,1%, - делінген институт мәлімдемесінде.

Сондай-ақ респонденттердің 60,8 пайызы Қазақстанның алдағы бес жылда даму перспективасын "өте дұрыс" немесе "едәуір дұрыс" деп бағалаған.

Әлеуметтік оптимизм халықтың өмірге деген қанағаттану деңгейінен де көрінеді. "Өз өміріңізге қаншалықты қанағаттанасыз?" деген сұраққа сауалнамаға қатысқандардың 57,3 пайызы "толығымен қанағаттанамын", ал 32,8 пайызы "едәуір қанағаттанамын" деп жауап берген.

Сауалнама сондай-ақ азаматтардың ақпаратты қайдан алатынын анықтаған. Респонденттердің 30,3 пайызы жаңалықтарды онлайн БАҚ-тан, 34,7 пайызы әлеуметтік желілерден алғанды жөн көреді.

Зерттеу 2025 жылдың 20 наурызы мен 20 сәуірі аралығында еліміздің 17 облысы мен үш мегаполисте, 18 жастан асқан 8 мың респонденттің қатысуымен жүргізілген. Сауалнама жеке сұхбат (CAPI әдісі) түрінде алынған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу