Қазақстандықтардың қай әлеуметтік желіні жиі пайдаланатыны анықталды

2763

Әлемдегі ең танымал әлеуметтік желілер қатарына Facebook, Twitter, Instagram енді.

Қазақстандықтардың қай әлеуметтік желіні жиі пайдаланатыны анықталды

Қазақстанда ең танымал әлеуметтік желілер Pinterest, YouTube, Instagram болып саналады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Statcounter Global Stats дерегінше, әлемдегі ұялы телефон пайдаланушылар арасында ең танымал әлеуметтік желі Facebook. Биыл ақпанда аталған әлеуметтік желінің үлесі 76,56% болды. 

Екінші орында Twitter, оның үлесі 7,76%-дан 6,62%-ға дейін төмендеді. Үшінші орында Instagram тұр, оның үлесі 3,17%-дан 5,75%-ға өскен.

Ұялы телефон арқылы кіретін ең танымал әлеуметтік желінің қатарына YouTube (5,65%) пен Pinterest (4,42%) енді. Басқа әлеуметтік желілердің үлесі 1% ғана. 

Әлемдегі көрсеткіштермен салыстырғанда Қазақстанда ұялы телефон арқылы кіретін ең танымал әлеуметтік желілердің тізімі әр ай сайын өзгеріп отырады. 

Бұған қарамастан Pinterest алты ай қатарынан Қазақстандағы ең танымал әлеуметтік желі атанып отыр. 2022 жылғы ақпанда оның нарықтағы үлесі – 23,17%. Екінші орынды бес ай қатарынан YouTube сақтап тұр (нарықтағы үлесі – 19,92%). Үздік үштікті Instagram қорытындылайды – 19,59%.

Елде ұялы телефон арқылы кіретін ең танымал әлеуметтік желілердің қатарында Facebook (18,87%) пен VKontakte (8,96%) бар. Басқа әлеуметтік желілердің үлесі – 9,49%.

Сондай-ақ Ресей Украинада арнайы әскери операция бастағаны белгілі. Биыл наурызда Роскомнадзор Meta Platforms Inc. компаниясына тиесілі Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріне кіруге шектеу қойды. Ресейлік тарап аталған желілер "жалған ақпарат таратты және Ресей азаматтарына қарсы зорлық-зомбылық туралы ақпаратты орналастырды" деп айыптап отыр.

Statcounter Global Stats мәліметінше, 2022 жылғы ақпанда Facebook және Instagram Ресейдегі ең танымал әлеуметтік желілердің үштігіне енді. Олардың нарықтағы үлесі – 19,68% және 19,15%. 

РФ-да ұялы телефон арқылы кіретін ең танымал әлеуметтік желілердің көшбасында Vkontakte тұр, оның үлесі – 20,89%.

Ресейде танымал әлеуметтік желілердің бұғатталуына байланысты әрі Роскомнадзордың шектеулерін айналып өтетін VPN бағдарламалары да танымал бола бастады. Бұл көбінесе Apple телефондарына қатысты. 

РФ-да Apple ұялы телефондарын көбінесе жастар пайдаланады. "Почта Mail.ru" қызметінің зерттеуінде "мұндай құрылғы 18 жастан 24 жасқа дейінгі әрбір екінші пайдаланушыда бар" деп жазылған. 

Google Play Store-да ең танымал бес қосымшаның бірде-бір VPN бағдарламасы емес. 

Айта кетейік, Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде Google Play Store-да үздік бестікке 4 VPN бағдарламасы енген еді:
- Secure VPN;
- Thunder VPN;
- VPN Proxy Master;
- X-VPN – Private Browser VPN.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу