Биылғы жылдың үшінші тоқсанындағы орташа жалақы – 400 мың теңге көлемінде, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Елдегі ірі және орта кәсіпорындардағы қызметкерлердің 28,9%-ы ғана орташа деңгейден жоғары жалақы алатыны белгілі болған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 993,5 мың адам орташа жалақыдан көп ақша табады. Бұл статистикаға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар кірмейді. Себебі, олар жұмысшы ретінде саналмайды.
Ұлытау, Маңғыстау мен Атырау облыстары жоғары жалақы алатын жұмысшылардың үлесі бойынша бірінші орында тұр. Нақтыласақ, Ұлытау өңіріндегі ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің 50,4%-ы, яғни 28,6 мың адамның қолына 400 мың теңгеден астам жалақы тиеді.
Маңғыстау облысы бұл тізімде екінші орынға жайғасқан. Орташадан жоғары жалақы алатындардың үлесі – 43%-ы немесе 63,1 мың жұмыскер.
Үздік үштікті 400 мың теңгеден жоғары жалақысы бар 76,5 мың жұмысшымен (41,1%) Атырау облысы түйіндеп тұр.
Соңғы үштікке Жамбыл, Жетісу және Солтүстік Қазақстан облыстары жайғасқан.
Еске салайық, Ұлттық статистика бюросы жалақыны есептеу мақсатында 3,4 миллион жалдамалы қызметкерді қамтыған.