Қазақстандықтардың материалдық жағдайы нашарлаған – Ұлттық банк сауалнамасы

191

Ұлттық банктің қараша айындағы инфляциялық күтулерді анықтауға арналған сауалнаманың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстандықтардың материалдық жағдайы нашарлаған – Ұлттық банк сауалнамасы Фото: sputnik.kz

– 2024 жылдың қараша айында тұтыну көңіл-күйінің индексі 111-ге дейін төмендеді (2024 жылғы қазан – 114,7). Алдағы 5 жылға елдің даму перспективаларын бағалау 5,2 пунктке төмендеп, 101,8-ге түсті. Сонымен қатар, жеке материалдық жағдайдың алдағы бір жылдағы өзгеруін бағалау 3,7 пунктке төмендеп, 121,5-ке түсті. Қазіргі жағдайды бағалауда сауалнамаға қатысқандардың соңғы жылы жеке материалдық жағдай көрсеткіші 5,3 пунктке төмендеп, 99,3-ке жеткен. Ал қомақты қаржыға сауда жасауға дайын болу 8,9 пунктке төмендеп, 103,5 болды, – деп жазылған сауалнама қорытындысында.

Сауалнамаға қатысқандардың 68,2%-ы қарашада азық-түлік тауары қымбаттай түскенін сезінген. Қазан айында осылай жауап бергендердің үлесі 64,6% болған еді. Ал азық-түліктік емес тауарлардың бағасы өскенін сауалнамаға тартылғандардың 13,4%-ы сезінген. Қазан айында бұл көрсеткіш 17,3% болған.

Жауап берушілердің көбі қараша айында әсіресе жеміс-жидек пен көкөніс, ет және сүт өнімдері, дәрі-дәрмек, киім мен аяқкиім, тұрмыстық химия қымбаттағанын айтқан.

– Алдағы 12 айдағы халықтың инфляциялық күтулері әлі де құбылмалы. Қарашада көрсеткіш қайтадан 14,1%-ға дейін өсті. Соңғы айларда инфляциялық күтулер теңгенің номиналды айырбас бағамының өзгеруі және жылдық инфляцияның баяулау қарқынының тұрақтылығы төмендеуі аясында қалыптасып отыр. Сонымен қатар, елдің даму перспективалары мен жеке материалдық жағдайға қатысты бағалаулардың төмендеуі есебінен тұтыну көңіл-күйі нашарлап отыр, – деп жазады Ұлттық банк сарапшылары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу