Қазақстандықтардың табысы тамаққа кетеді

1410

Қазақстандықтар ақшасының 40 пайызын азық-түлік сатып алуға жұмсайды, ал мәдениет пен бос уақытына бөлетіні 2 пайыздан төмен. Халықтың тұрмысы жақсы елдерде көбінесе ақшаны мейрамханаға баруға, саяхатқа шығуға және білім алуға жұмсайды.

Қазақстандықтардың табысы тамаққа кетеді

Қазақстандықтардың тамақ пен бос уақытына қанша ақша жұмсайтыны белгілі болды, деп хабарлайды sputniknews.kz. 

Еуропа елдері, Ресей, Қазақстан мен Түркия тұрғындарының шығысының құрылымына РИА Рейтинг агенттігі зерттеу жүргізген. 

Белгілі болғандай, қазақстандықтардың шығысының 40 пайызы азық-түлікке кетеді. Мәдениет пен бос уақытқа бар болғаны 1,9% жұмсалады екен. 

Люксембург тұрғындары тамаққа ең аз ақша жұмсайтыны анықталды. Азық-түлік сатып алуға олар 8,7% ғана жұмсайды. Екінші орында Ұлыбритания, бұл көрсеткіш оларда 10%, ал үшінші орында 10,6%-бен Нидерланды тұр. Ирландия, Финляндия, Австрия, Норвегия мен Швейцария тұрғындары азық-түлікке шығыс ақшасының 12%-ын бөледі. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ресейліктер тамаққа ақшасының 31,2%-ын, украиндар 50,9%-ын жұмсаған. 

Зерттеу жүргізген мамандар ұлттық статистикалық қызметтер мен Халықаралық валюта қорының мәліметтеріне сүйенген. Олардың айтуынша, тұрғындардың жалпы шығысының ішінде тамаққа бөлінген қаржының аз болуы отбасылардың өмір деңгейі жоғары екенін көрсетеді. 

Халықтың тұрмысы жақсы елдерде көбінесе ақшаны мейрамханаға баруға, саяхатқа шығуға және білім алуға жұмсайды. Дегенмен, үйден тыс жерде тамақтану тарихи әдетпен байланысты болуы мүмкін. 

Ресейліктердің мейрамханалар мен қонақүйлерге бөлетін шығыны шамамен 3,3%, қазақстандықтар да осы көлемде жұмсайды. 

Зерттеу қорытындысына сәйкес, мәдениет пен бос уақытқа ең көп ақша жұмсайтындар Швеция (18,7%), Ұлыбритания (13%) мен Австрияда (11,5%) тұрады. Қазақстанда бұл көрсеткіш — 1,9 %.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу