Қазақстандықтардың зейнетақы активтері 12 трлн теңгеге жетті

610

Пандемия мен мұнайдың арзандауы БЖЗҚ инвестициялық қоржынына әсер етпеді.

Қазақстандықтардың зейнетақы активтері 12 трлн теңгеге жетті

2020 жылдың наурызындағы қорытынды бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтері 11,7 трлн теңге болды. 2019 жылғы көрсеткіштен 21%-ға немесе 2,1 трлн теңгеге артық. Бұл туралы ranking.kz басылымы хабарлады.Мұндай активтерді басқарудың негізгі мақсаты олардың сақталуын қамтамасыз ету және таза кірістілікке қол жеткізу болып табылады.

Наурыз айының соңында жеке зейнетақы шоттарының саны 12 ай ішінде 2,7 пайызға артып, 10,7 миллионға жеткен. Олардың басым бөлігін міндетті зейнетақы салымдары құрайды. Ал міндетті кәсіби зейнетақы салымдарының саны 514,8 мыңға дейін өскен. Соңғы 12 айда ерікті зейнетақы салымдарының саны 11,6 пайызға артып, 55,4 мың шот болды. 

Коронавирус пандемиясы мен мұнай бағасының арзандауы әлемдік қор биржасындағы көрсеткіштердің күрт төмендеуіне әкеліп соқты. Дегенмен бұл факторлар БЖЗҚ инвестициялық қоржынына әсер ете қоймады. 2020 жылдың алғашқы үш айында инвестициялық табыстың көлемі 667,7 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл былтырғы көрсеткіштен 6 есе көп. 6,4% мөлшеріндегі инфляция жағдайында БЖЗҚ салымшыларына арналған зейнетақы активтерінің кірістілігі соңғы 12 айда 11,87% болды. Осылайша зейнетақы активтері бойынша таза кірістілік 5,5% деңгейінде тіркелді. 

Азаматтардың зейнетақы жинағы құрылымындағы инвестициялық табыс тұрақты түрде өсіп келеді. 1 сәуірдегі жағдай бойынша оның үлесі 30% немесе 3,9 трлн теңгеге дейін артты.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу