Қазақстандықтардың зейнетақы жинағындағы 1,5 трлн теңге қандай жобаларға жұмсалады?

330

Үкімет нақты бағыттарды белгіледік деп сендіріп отыр. 

Қазақстандықтардың зейнетақы жинағындағы 1,5 трлн теңге қандай жобаларға жұмсалады? Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкіметте өткен баспасөз брифингінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тілші спикерден "Қазақстандықтардың зейнетақы жинағындағы қаражат нақты қандай жобаларға кетеді?" деп сұрады.

"Бүгін Ұлттық Банктің есебін тыңдадық. Қазір бірыңғай зейнетақы қорында 18 трлн теңгеден астам ақша жиналған. Бұл – үлкен қаражат. Ұлттық Банк осы қаражатты басқарады. Оның міндеті – жиналған ақшаға табыс табу", - деді министр. 

Ведомство басшысының сөзінше, бұл табыстың көлемі нарықтық пайыздарға сай берілетін болады. 

"Ешкімге де жеңілдетілген түрде ақша берілмейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы жақында өткен жиналыста да айтқан болатын. Ең алдымен салымшылардың мүддесін қорғалады. Өзім де салымшымын. Бізге неғұрлым көп нарықтық табыс түссе, жиналған зейнетақымыздың көлемі соғұрлым ұлғая беретін болады. Егер де нақты жобаларға келетін болсақ, Үкімет тарапынан бағыттарды белгіледік. Солардың ішінде "Бәйтерек", "Самрұқ" қорлары нақты жобаларды өздері таңдап алып, тиісті талдаулар жүргізіледі. Егер бұл жобалар экономикалық жағынан тиімді болса, ел экономикасына оң әсер тигізіп, нарықтық мөлшерлемемен қайтатын болса, онда қолдау табады деп ойлаймын", - деп жауап берді Нұрлан Байбазаров.

Еске салайық, осыған дейін Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың зейнетақы активтерін инвестициялау мәселесіне қатысты пікір білдіргенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу