Қазақстандықтардың жеке деректері телеграмда тарады деген ақпаратқа министрлік жауап берді

185

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Telegram мессенджерінде қазақстандықтардың жеке деректері таралып жатқаны туралы мәлімдеме жасап, бұл мәселеге шұғыл назар аударуды сұрады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қазақстандықтардың жеке деректері телеграмда тарады деген ақпаратқа министрлік жауап берді Фото: gijn.org

- Telegram-бот арқылы кез келген адам Қазақстан азаматтары туралы жеке деректерді тегін ала алады. Болжам бойынша, бұл жоба Ресейден басқарылып отыр, өйткені ботта ресейлік азаматтарға қатысты деректер де кездеседі. Ашық қолжетімділікте мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған ақпараттар бар. Ең ықтимал дереккөзі - eGov порталынан жүктелген база. Мұнда туған күн, ЖСН, тұрғылықты мекенжай, телефон нөмірі, отбасы мүшелері туралы деректер, азаматтың қандай пәтер не көлік алғаны жөнінде де мәлімет бар, - деді депутат Facebook парақшасында.

Осыған байланысты депутат Ішкі істер министрлігі мен Бас Прокуратурадан дереу шара қабылдауды сұрады.

Бұл мәселе бойынша түсініктеме берген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Telegram-боттарды тексеру нәтижесін жариялады.

- Боттарда көрсетілген деректер бұрын таралған базалардан, ашық дереккөздерден және GetContact секілді сервистерден алынғаны анықталды. Айта кету керек, GetContact сервисіне Қазақстанда қолжетімділік бұғатталған, себебі ол ел заңнамасын бұзған, - делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, мұндай боттардың 30-дан астамы бұрын тоқтатылған. Қазіргі уақытта жаңа анықталған ресурстар бойынша сілтемелер уәкілетті органдарға жолданып, тексеріс жүргізілуде.

- Азаматтардан мұндай сервистерді пайдаланбауды және жеке деректерін ашық түрде жарияламауды сұраймыз. Егер жеке мәліметтердің таралуына қатысты жағдай анықталса, kib@mdai.gov.kz электронды поштасына немесе 8 (7172) 649-405 нөміріне хабарласуға болады, - деді министрлік.

Министрлік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстарын жалғастыратынын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу