Қазақстандықтардың жинақталған зейнетақы қаражаты 16,8%-ға өсті

1301

Бір жыл ішіндегі көрсеткіш осындай.

Қазақстандықтардың жинақталған зейнетақы қаражаты 16,8%-ға өсті

Бұл туралы Ranking.kz басылымы хабарлады. 2020 жылдың ақпан айының соңында салымшылар шотының саны 10,7 миллионға жеткен: 2019 жылғы көрсеткіштен 2,7 пайызға артық. Ал жинақталған зейнетақы қаражатының жалпы сомасы биыл 16,8-%-ға өсіп, 11,1 трлн теңге болды. Соңғы бес жылда елімізде жинақтағы қаржы орташа есеппен алғанда жылына 19,2%-ға артуда. 

Негізгі бөлігі міндетті зейнетақы салымы бойынша жинаққа тиесілі: 10,8 трлн теңге немесе жинақталған қаражаттың 97,7%-ы. 

Міндетті кәсіби зейнетақылық салым бойынша жинақталған қаржы көлемі 25,5%-ға өсіп, 257,1 млрд теңге болды. Ал ерікті зейнетақы салымы бойынша бұл көрсеткіш 6,1%-ға артып, 2 млрд теңгеге жеткен. 

Халықтың орташа жинақ мөлшері шамамен бір миллион теңгеден асады. 20 жыл бойы жүйелі түрде жарна төлеп жүргендер 5 миллионға жуық қаражат жинаған. 2019 жылы БЖЗҚ-да жылына кемінде бір рет жинақтық зейнетақы жүйесіне жарна төлегендердің саны 6,6 миллион болған. 

2020 жылдың алғашқы екі айында төленген зейнетақы жарна мөлшері былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 19,6%-ға өсіп, 175,2 млрд теңге болды. 
Жалпы, 2019 жылдың қорытындысы бойынша халықтың зейнетақалық жарналары 16,8%-ға артып, 990,1 млрд теңгеге жеткен. 

Еске сала кетейік, 2019 жылдың төртінші тоқсанында орташа жалақы мөлшері 203,9 теңге болып тіркелді: алдыңғы жылғы көрсеткіштен 16%-ға көп. 2020 жылы ең төменгі жалақы мөлшері өзгеріссіз қалды: 42,5 мың теңге. Бұл халықтың табыс деңгейіне кері әсерін тигізуде. 

Жинақталған зейнетақы қаражатының көбеюіне инвестициялық кірістілік әсер етеді. Осы жылдың қаңтар және ақпан айларында салымшылардың жеке зейнетақылық шотына қосылған инвестициялық таза табыс 139,9 млрд теңгеге жеткен. 2019 жылы бұл көрсеткіш 11,6 есе аз болған еді: 12,1 млрд теңге. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу