Қазақстандықтарға өте қарапайым кеңес берілді

Тақырып тікелей АҚШ-та заңсыз жүрген ел азаматтарына ғана қатысты.  

Қазақстандықтарға өте қарапайым кеңес берілді Фото: Shutterstock

Қазіргі уақытта аталған елде қанша қазақстандықтың заңсыз жүргенін тап басып айту мүмкін емес, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Өз кезегінде Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров оларға не істеу керегін айтып, кеңес берді. Бүгінде АҚШ-та жүрген 3600-ге жуық қазақстандық консулдық есепте тұр. 

– Олар ресми түрде тіркелді, олардың Америка Құрама Штаттарының аумағында екені белгілі және құжаттары түгел. Ал заңсыз жүргендердің нақты санын айта алмаймыз. Болжам бойынша олардың саны жүзден бірнеше мыңға дейін болуы мүмкін, – деді ол.

Оның сөзінше, депортация процесі – кез келген мемлекеттің көші-қон қызметінің күнделікті жұмысы. Айбек Смадияров ол елге заңсыз кіріп, полиция қолына түссе, нендей жағдай болатынын да ескертті. 

– Депортация күн сайын болып тұрады. Егер адам иммиграциялық заңнаманы бұзса, депортацияланады. Сондықтан, сонша таңғалудың қажеті жоқ. АҚШ-қа заңсыз түрде кіргісі келетін азаматтарымызға виза сұрап, заңды түрде кіруге кеңес беремін. АҚШ-тың жаңа президент әкімшілігінің саясаты бәрін қатаңдатып жатыр. Егер қандай да бір Қазақстан азаматы не басқа біреу заңсыз кіріп, кейін иммиграциялық полицияның қолына түссе, автоматты түрде депортацияланады және оған елге кіруге тыйым салынады, – деп сөзін нақтылады ол. 

СІМ өкілі сөз соңында АҚШ-та заңсыз жүргендерге елден өз бетінше шығып, не жасыл карта, не виза алуды ұсынып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу