Қазақстандықтарға саңырауқұлақ пен жидектің қанша келісін тегін жинауға рұқсат етіледі?

625

Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл мәселеге қатысты ақпарат таратты. 

Қазақстандықтарға саңырауқұлақ пен жидектің қанша келісін тегін жинауға рұқсат етіледі? Фото: baq.kz

Жеке тұлғалар жабайы өсетін жемістерді, жаңғақтарды, саңырауқұлақтарды, жидектерді, дәрілік өсімдіктерді жеке және үйде пайдалануы үшін жергілікті мәслихаттардың шешімімен бекітілген нормалар шегінде өтеусіз және еш рұқсат қағазынсыз жинай алады, деп жазады inbusiness.kz.

Ақпаратқа сәйкес, жинау нормалары өсімдіктер әлемін, геоботаникалық және ресурстық зерттеулер материалдарының негізінде белгіленеді.

"Бір адам бір мезетте дәрілік өсімдіктерді (сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерден басқа) 10 келіге дейін, жемістер мен жидектерді 20 келіге дейін, саңырауқұлақтарды 25 келіге дейін жинай алады. Коммерциялық құрылымдардың өкілдері үшін, яғни бизнесі өсімдіктер әлемін пайдаланумен (оның ішінде саңырауқұлақтар да бар) байланысты тұлғалар үшін бұл қызмет түрі ақылы болады. Жинау көлемі осы ресурстардың табиғи қорларын, таралуын, құндылығын, қайта өсіру мүмкіндігін, өнімділігін ескере отырып айқындалады", - делінген ведомство таратқан мәліметте.

Төлемақы мөлшерін жергілікті мәслихат бекітеді. Ол әкімдіктердің есептеулері негізінде, нарықтық бағалар мен оларды дайындауға, өңдеуге, тасымалдауға және өткізуге жұмсалған шығындар сомасы арасындағы айырма негізінде белгіленеді.

Еске салайық, осыған дейін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жабайы өсімдік түрлерін пайдаланатындар салық төлейтінін жазған болатынбыз. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бұл норманың кімдерге қатысты қолданылмайтынын түсіндірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу