Қазақстанға "алтын" бұйырмады

912

Нұр-Сұлтанда күрес түрлерінен лицензиялық әлем чемпионаты мәресіне жетті.

Қазақстанға "алтын" бұйырмады Фото: olympic.kz

Тоғыз күнге жалғасқан жарыстан Қазақстанға "алтын" бұйырмады. Бірақ үш балуанымыз финалда күресіп, Токио Олимпиадасының сегіз жолдамасына иелік етті, деп хабарлайды olympic.kz.

Тарихта алғаш рет үш бірдей қазақ балуаны әлем чемпионатының финалында белдесті.

55 келідегі Қорлан Жақанша ақтық сында грузин балуанына есе жіберіп, күмісті еншіледі. Өзіне үйреншікті салмақ – 67 келіден 63 келіге ауысқан команда капитаны Алмат Кебіспаев өзінің әлем чемпионатындағы төртінші жүлдесін жеңіп алды. Бұған дейін әлем біріншіліктерінен бір күміс, екі қола еншілеген Алматтың жүлде қоржыны тағы бір қоламен толықты.

"Классиктер" арасынан екі жолдаманы Мейрамбек Айнағұлов (60 келі) пен Асхат Ділмұхамедов (77 келі) еншіледі. Әлем және Олимпиада чемпиондарын жеңіп, жартылай финалға дейін жеткен балуанның кейін қоладан да айырылып қалғаны көңілге кірбің салады. Дегенмен, Асхат өз мүмкіндігін Токио кілемінде сынайды.

Грек-рим күресінен қалған салмақтағы балуандарымыз жүлдесіз қалды. Енді олимпиадалық салмақтарда лицензия алу үшін "классиктер" аймақтық іріктеу турнирін күтеді. 

Әйелдер арасынан 50 келідегі Валентина Исламова жүлдемен қатар, жолдаманы да еншіледі. 76 келідегі Эльмира Сыздықова қола медаль үшін өткен белдесуде жеңіліс тапты. Дегенмен, Эльмирада Олимпиада жолдамасы бар. Ал Марина Седнева мен Жәмила Бақбергенова әлемдік сынды бесінші орынмен аяқтады. 

Ал еркін күресте Әсет Серікбаев шәкірттері екі күміс, бір қола медаль жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте грек-рим және еркін күрестен Қазақстан командасы бесінші орынға тұрақтады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу