Қазақстанға атақты сәулет докторы Филипп Мойзер келді

1003

Қазақстанға атақты сәулет докторы Филипп Мойзер келді

Берлиннан Астанаға сәулет докторы Филипп Мойзер келіп, Қазақстанның білікті сәулетшілерімен дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Медиа-орталықтың тілшісіне берген сұхбатында белгілі сәулетші Қазақстанның бас қаласының дамуына қатысты ойымен бөлісті.

"Астанаға сәулет өнерінің сапасы мен қала құрылысының дамуына қатысты білікті сәулетшілерімен ашық сұхбат алаңын іске қосу керек. Оған тек қала билігі мен кәсіби бірлестіктер ғана емес, сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдар мен өз ойын ашық білдіре алатын белсенді тұрғындар да ат салысулары қажет. Берлиннің мысалында біз сондай нәтижеге қол жеткізе алдық. Бұл басты әрі тиімді құралдың бірі", - деді Ф.Мойзер.

Филипп Мойзер Астанаға алғаш рет осыдан 16 жыл бұрын келген. Неміс сәулетшісінің сөзінше осы аралықта Қазақстан астанасы түбегейлі өзгерген. Мұнда жаңа сәулеттік ойлар мен футуристикалық нысандар жүзеге асырылуда. Оның ойынша Астана жыл өткен сайын жарқын әрі таң қаларлықтай өзгеріп келеді.

"Қаланы аралап, серуендеп шықтым. Он алты жыл бұрынғы қала мен қазіргіні салыстырсақ Кисе Курокаваның бастапқы идеясы дамып, жаңа кейіпке ие болған. Бүгінгі заманауи Қазақстанның сәулеті жаңа қазақстандық бірдейліктің құралына айналды", - деп санайды ол.

Сәулет докторы Мойзер кеңестік модернизмнің адал қастерлеушісі болып табылады. Он жылдан астам осы тақырыпты зерттеп, тіпті Шығыс Еуропадағы панельді үй құрылысы бойынша диссертация қорғаған. Оның сәулет жобалары Шығыс Еуропа пен Азия елдерінде жүзеге асырылған. Ғалым әрі зерттеуші қалалық даму, кеңес сәулетінің типологиясы мен тарихына, сәулет теориясына негізделген. Сондай-ақ Мойзер – Қазақстан мен Өзбекстан бойынша сәулеттік жол нұсқаудың авторы.

Бүгінде Мойзерді еуразиялық қаланың прототипі неде деген сауал қызықтырады. Сол үшін Берлиннен Астанаға арнайы келіп, қазақстандық әріптестерімен бірлесіп аталмыш сұрақтың жауабын талқылады.

"Астананың елорда болғанына 20 жылға жуықтағанына қарамастан, мұндағы құрылыс пен оның қарқынына қарап таң қаламын. Сонымен бірге қаланың қалыптасуы да белсенді жалғасып жатыр. Бұл таңдай қақтырарлық оқиға", - деді Ф.Мойзер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу