Қазақстанға аударылған ақша шетелге жіберілгеннен 3,2 есе аз

1031

Ең көп қаражат Ресейге кеткен.  

Қазақстанға аударылған ақша шетелге жіберілгеннен 3,2 есе аз Фото: inbusiness.kz

2020 жылы Қазақстаннан банктік шоттарды пайдалана отырып немесе пайдаланбай, сондай-ақ халықаралық ақша аударымдары жүйелері (ХААЖ) арқылы жіберілген жеке трансферттердің (жеке тұлғалардың өтеусіз ақша аударымдары) көлемі 1,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 11,4%-ға артық. Оның ішінде Қазақстаннан ХААЖ арқылы 847,8 млн АҚШ доллары аударылған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 0,03% аз, деп хабарлады inbusiness.kz порталы finprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанға аударылған жеке трансферттер көлемі елден жіберілгендерден 3,2 есе аз болды. Елімізге келген қаражат көлемі – 370,5 млн АҚШ доллары. Бұл – 2019 жылмен салыстырғанда 26,2 % аз. Оның ішінде ХААЖ арқылы 340,5 млн АҚШ доллары аударылған. Бұл — 2019 жылмен салыстырғанда 29,6% аз.
Шетелге жіберілген жеке трансферттердің жалпы көлемінің 93,8% ТОП-10 елге тиесілі. Ресей көш бастап тұр. Оған 494,4 миллион АҚШ долларын жіберіп, 110,3 млн АҚШ долларын алдық.

Одан кейінгі орында – Қырғызстан. 2020 жылы бұл елге 191 млн АҚШ долларын жіберіп, 32,7 млн АҚШ долларын алдық. Үштікті жеке тұлғалар жіберген өтеусіз ақша аударымдарының көлемі 169,9 млн АҚШ долларын құраған Түркия тұйықтап тұр. Ал ол жақтан тек 9,7 млн АҚШ доллары аударылған.

Биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында ҚР-дан шетелге халықаралық ақша аударымдары жүйесі арқылы 191 млрд теңге жіберілді. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге артық. Ең көп ақша жіберген елдер арасында Түркия (46,3 млрд тг) және Ресей (44,6 млрд тг) көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарға Қырғызстан (35,5 млрд тг) және Өзбекстан (35 млрд тг) орналасқан.

Шетелден 2021 жылғы қаңтар-наурызда 66,1 млрд теңге алдық. 2020 жылғы қаңтар-наурызға қарағанда 3,2% аз. Шетелден ХААЖ арқылы алынған қаражат көлемі бойынша Ресей (13,6 млрд тг), одан кейін Өзбекстан (11,9 млрд тг) және Оңтүстік Корея (9,6 млрд тг) үштігі көш бастап келеді.

ҚР-дан жөнелтілген қаражат көлемі бойынша халықаралық ақша аударымдары жүйелерінің арасында "Золотая Корона" (159,3 млрд тг, плюс 58%) көш бастап тұр. Екінші орында – Western Union (11,2 млрд тг, минус 4,8%), үшінші орында – Contact (9,9 млрд тг, плюс 87%).

2021 жылғы қаңтар–наурызда шетелден алынған ақша көлемі бойынша да "Золотая Корона" (37,7 млрд тг, плюс 17,2%) көш бастап тұр. Одан кейін Western Union (15,8 млрд тг, минус 7,9%) және MoneyGram (8,2 млрд тг, минус 5%) орналасқан.

Серік Селеубайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу