Мобильді құрылғылардың сұр импорты салдарынан мемлекет жылына шамамен 150 млрд теңгеден қағылады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Досжан Мұсалиев Сенат кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осыған дейін де айтқанымыздай, Қазақстанға ұялы телефондардың 75 пайызы заңсыз кіргізіледі. Яғни, салық және кеден баждары төленбейді", – деді вице-министр.
Оның айтуынша, нарықта осындай әрекеттердің алдын алу үшін мобильді құрылғыларды тіркеу ережесіне өзгерістер енгізілді.
"Біздің деректеріміз бойынша iPhone компаниясын мысалға келтірер болсақ, 2024 жылы шамамен 1,5 млн құрылғы ресми түрде әкелінді. Ал егер де базадағы деректер бойынша қарасақ, 4 млн-ға жуығы іске қосылған. Сондықтан да бұл механизм контрабандаға қарсы күресу және мемлекетке салықтық түсімдер алу мақсатында жасалынды. Болжамға сәйкес, мемлекет жыл сайын шамамен 150 млрд теңгеден қағылады", – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Досжан Мұсалиев.