Қостанай облысының оңтүстік өңірі керқұландардың тарихи мекені. Бұл жылқыларды байырғы қонысына қайтару үшін Қазақстан мен Чехия мамандары бірлесіп жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайдыы inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Екі республика арасындағы халықаралық келісім аясында сирек кездесетін осы жануардың 40 дарасы Қостанай облысына (Амангелді және Жангелді аудандары) қайта жерсіндіріледі.
Алғашқы лекпен 8 керқұлан 2024 жылдың 4 маусымында "Әліби" реинтродукциялау орталығына (Амангелді және Жангелді аудандары) жеткізіледі. Олар Арқалық әуежайына Чехиядан екі әскери ұшақпен әкелінеді.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов атап өткендей, облыс қазірдің өзінде Бетпақдалада ақбөкен популяциясын қалпына келтіруде табысқа қол жеткізді. Ендігі кезек керқұландарға келді.
"Билік, ғалымдар, жанашыр адамдардың бірлескен күш-жігерінің арқасында керқұландар Қостанай облысының фаунасының ажырамас бөлігіне айналады және бізді көптеген жылдар бойы сұлулығымен қуантады деп сенеміз", – деп атап өтті әкім.
Керқұландарды реинтродукциялау жобасының бастамашысы – Қазақстанның биоалуантүрлілік қауымдастығы.
Бұған дейін "Пржевальский жылқысы" атауы қазақтың ежелгі "Керқұлан", "Кертағы" атауларымен толықтырылған.
Мұндай шешім ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ұйымдастыруымен өткен жиында қабылданды.