Қазақстанға инвестиция тартуда саннан гөрі сапаға басымдық беру ұсынылды

286

Сарапшы ең әуелі экономиканы дамытудың мақсаттары мен басымдықтарын айқындауға шақырды. 

Қазақстанға инвестиция тартуда саннан гөрі сапаға басымдық беру ұсынылды Фото: gov.kz

Қазақстан билігінің жаңа шетелдік инвестицияларды тарту арқылы экономикалық өсімді жеделдетуге бағытталған әрекеттері елдің даму моделін қайта қарастырмайынша ұзақ мерзімді нәтиже бермейді. Бұл туралы Atameken Business Forum алаңында сарапшы Ануар Буранбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Оның сөзінше, шикізат секторына негізделген және бюджеттен құйылатын қаржымен қолдау табатын қазіргі экономикалық жүйенің өсу мүмкіндігі іс жүзінде сарқылған.

Буранбаев соңғы онжылдықтарда әлемдік экономикалық саясаттың айтарлықтай өзгергенін атап өтті. Егер 1990-жылдардың басында жаһандық экономикада Вашингтон консенсусы қағидаттары мен мемлекеттің экономикаға неғұрлым аз араласуы басымдыққа ие болса, бүгінде дамыған елдер белсенді өнеркәсіптік саясатқа қайта оралып жатыр. Сарапшы бұл өзгерістердің символдарының бірі ретінде 2024 жылдың мамырында қабылданған Берлин декларациясы екенін айтты.

Бұл ретте оның пікірінше, Қазақстан әлі күнге дейін ескірген тәсілдерді қолданып келеді.

"Инвестиция тарту өз еліңді отандық әрі шетелдік инвесторға дұрыс ұсына білу деген сөз. Бірақ кез келген маркетинг факультетінің екінші курс студенті алдымен өнім жасалатынын айтады. Бүгінде Қазақстан қандай өнім ұсынып отыр? Жалпы көрсеткіштер туралы көп айтылады, шенеуніктердің есептерінде оның бәрі әдемі көрінеді. Алайда экспорттың 70 пайыздан астамын әлі де шикізат пен металдар алады. Бізде әлі күнге дейін үш негізгі сұраққа жауап жоқ: бізге қандай инвестиция қажет, оны тарту үшін қандай құн төлеуге дайынбыз және түпкі мақсатымыз қандай?" – деп атап өтті Ануар Буранбаев.

Экономист инвестицияларды шартты түрде төрт санатқа бөлді. Біріншісі – пайдалы қазбаларды өндіруге бағытталған инвестициялар. Мысал ретінде ол Chevron компаниясын келтірді. Оның айтуынша, мұндай инвесторлар үшін келісімшарттардың тұрақтылығы мен табиғи ресурстарға қолжетімділік басты фактор болып қала береді.

Екінші санат – арзан ресурстарды, соның ішінде арзан жұмыс күшін пайдалануға бағытталған капитал. Алайда сарапшы мұндай артықшылықтың уақытша екенін айтты.

Үшінші топ – ішкі нарыққа бағытталған инвестициялар. Бұрын халқының салыстырмалы түрде аз болуына байланысты Қазақстан мұндай инвесторлар үшін аса тартымды болмаған. Дегенмен ірі цифрлық платформалардың келуімен жағдай өзгере бастады.

Буранбаев ең маңыздысы ретінде төртінші санатты – тиімділікке және ел ішінде жоғары қосылған құн қалыптастыруға бағытталған инвестицияларды атады. Оның бағалауынша, осы бағытта Қазақстан ең күрделі қиындықтарға тап болып отыр.

Сарапшы капиталды бақылаусыз тартудың тәуекелдері бар екенін де жасырмады.

"Жер қойнауын шектен тыс игеріп, экологияны құртуға болады. Алып зауыт салып, кейін бас тарту мүмкін болмайтын жүгері монокультурасына көшуге болады. Салдарынан жердің құнары толық сарқылуы мүмкін. Мұндай жағдай қазірдің өзінде елдің шығысында байқалып отыр. Шығыс Қазақстан облысында бонитет балы ең жоғары, аса құнды жерлердің басым бөлігі күнбағыс егуге беріліп, ауыспалы егіс талаптары бұзылды. Кеңес дәуірінде мұндай технологиялық талаптарды бұзғандар жауапқа тартылатын еді", – деді экономист.

Буранбаевтың пікірінше, қазіргі индустрияландыру бағдарламалары көп жағдайда 2003-2015 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының тәсілдерін қайталайды. Бірақ бүгінгі көптеген шенеуніктер бұл құжаттың негізгі қағидаттарымен де таныс емес.

Оның айтуынша, басты мәселенің бірі – орталық және өңірлік билік органдары арасындағы тиімді байланыстың болмауы.

"Үкімет пен Бәйтерек холдингі жаңа өсім нүктелерін іздеу туралы мәлімдеген бойда өңірлерге "Тез арада инвестициялық жобалар ұсыныңдар!" деген тапсырма түседі. Ал әкімдіктер қандай жобалар болуы керек екенін, олар қайдан шығатынын түсінбейді. Нәтижесінде есепті жабу үшін әр әкім өз өңіріне күн электр станцияларын тартуға тырысып, оны индустриялық серпіліс ретінде көрсетеді", – деді спикер.

Сарапшы билік өткен жылғы жоғары экономикалық өсім негізінен бөлшек сауда, құрылыс және ауқымды бюджеттік шығындармен қолдау тапқан инфрақұрылымдық жобалар есебінен қамтамасыз етілгенін ашық мойындауы қажет деп санайды.

Оның сөзінше, бюджеттен берілетін қолдау әлсіреп, шикізат экспортындағы логистикалық қиындықтар күшейгеннен кейін іскерлік белсенділік те төмендей бастаған.

"Белсенді өнеркәсіптік саясат – жақсы мен жаманды қарсы қою емес. Бұл нақты басымдықтарды қатаң түрде таңдай білу, қандай мақсат үшін белгілі бір қиындықтарға төзуге дайын екенімізді және қай тиімсіз бағыттардан түбегейлі бас тарту керектігін анықтау. Бар мәселе кішкентай дүниелерде жатыр. Біз түйткілдерді анықтамайынша, бір орында тұра береміз", – деп қорытындылады Ануар Буранбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу