Қазақстанға келетін шетелдік туристер қанша ақша жұмсайды?

182

Шетелдік туристердің елімізге қанша табыс әкелгені белгілі болды.

Қазақстанға келетін шетелдік туристер қанша ақша жұмсайды? Фото: canva.com

Алыс-жақын елдерден келген туристердің Қазақстанда жұмсаған шығыны бір жылда 13,4%-ға артты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы шетелден келгендер елімізге – 3,6 млрд теңге, ал 2024 жылы 4,1 млрд теңге қалдырған. Ұлттық статистика бюросының мамандары мұндай зерттеуді жылына екі рет жүргізеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты finprom.kz порталына сілтеме жасап.

Биыл Ресейден келген туристер ең көп ақша қалдырған: 43,8%. Ресейліктер Қазақстанда 1,8 млрд теңге жұмсады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 8,6%-ға артық. Екінші орында Өзбекстан орналасты. Оңтүстік көршілеріміз 392,8 млн теңге жұмсады, бұл өткен жылға қарағанда 20%-ға аз. Үздік үштікті Түркиядан келген азаматтар қорытындылады: 299,7 млн теңге.

Бұдан бөлек Қырғызстан, Қытай және Германия азаматтары да Қазақстанның кірмелік туризміне айтарлықтай үлес қосқаны анықталды. 

Алыс-жақын елдерден келген туристер Алматыда ең көп ақша қалдырады. Одан кейінгі орында Астана тұр. Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарына туристерден ең аз ақша түсті.  

Шетелдіктердің қаражатының негізгі бөлігі жол шығындарына кетеді. 2024 жылы көлік шығындары жалпы шығындардың 48,8%-ын алды. Екінші орында тамақтануға, азық-түлік сатып алуға кететін шығындар орналасты: 699,7 млн теңге немесе 17%. Туристер шопингке де шығындалатын көрінеді, үштікті осы мақсатқа жұмсалатын шығындар қорытындылайды. Төртінші орында туристердің тұруға жұмсаған шығындары орналасты: 506,3 млн тг. 

Биыл сауалнамаға қатысқандардың 50,2%-ы туыстары мен таныстарының үйлерінде тұрғанын, тағы 20,4%-ы пәтер жалдағанын айтқан. Респонденттердің 29,4%-ы ғана қонақүйлерде, демалыс базаларында, санаторийлерде тұрған.

Әр түрлі елдерден келген туристердің шығындарында айырмашылық байқалады. Мәселен, Ресейден келген саяхатшылар үшін жол шығындарының үлесі 41,1% болса, Өзбекстаннан келгендерге бұл көрсеткіш 32,8%-ға тең. АҚШ-тан келген туристерде жол шығындарының үлесі жоғары – 74,4%, Германиядан келгендерде – 62,7%, БАӘ азаматтарында – 68,1%.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу