Қазақстанға көліктің мына түрлерін әкелуге тыйым салынады

Бұдан-былай елімізге жүк көліктері мен автобустарды жеке тұлғалар кіргізе алмайды.    

Қазақстанға көліктің мына түрлерін әкелуге тыйым салынады Фото: inbusiness.kz

Бұл талап 20 қазаннан бастап жүзеге асырылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты kolesa.kz басылымына сілтеме жасап. 

Еске салайық, 2024 жылы Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) "жеке тұлғаның қажеттілігі үшін әкелетін көлік құралы кәсіпкерлік қызметпен байланысты бола алмайды" деген тұжырымға келіп, кеден одағының "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне түзету енгізген болатын. 

Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Әділбек Бектібаевтың сөзінше, ЕЭК кеңесінің шешімі биыл 20 қазанда күшіне енеді. Осы күннен бастап жеке тұлғалар Қазақстанға жеке қажеттілігі үшін мынадай көлік түрлерін ғана әкеле алады: 

– Жеңіл көлік (медициналық мақсатқа арналған көліктен басқа) және Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕЭО) сыртқы экономикалық қызметі тауар номенклатурасының 8703-тауар позициясына жататын басқа моторлы көліктер;

– квадроцикл, қарда жүретін көлік, батпақта жүретін көліктер, жол талғамайтын мотокөлік және жалпы жолға арналмаған басқа да моторлы көлік құралдары;

– мотоцикл, мопед, мотороллер;

– 12-ден артық (жүргізушіні қосқанда) адам тасымалдауға арналмаған моторлы көлік, жүк тасымалдауға (жоғары радиоактивті материалдарды таситын көліктерден басқа) арналған толық салмағы 5 тоннадан аспайтын моторлы көлік.

Осылайша, 20 қазаннан бастап жеке тұлғаларға бұл тізімге кірмейтін жүк көліктері мен автобустарды кеденде рәсімдеп, электрондық паспорт алуға, утиль алым төлеуге және тіркеуге рұқсат мүлдем жоқ.

Автобус пен жүк көліктерін тек компаниялар ғана елге кіргізе алады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу