Қазақстаннан шетелге көшіп кетуді мақсат тұтатын адамдар саны артып келеді. Тек биылғы алты айдың ішінде 15 мыңнан астам адам елімізден өзге елге қоныс аударған. Шетелден пана іздегендердің басым бөлігі орыс, неміс және украин ұлтының азаматтары. Бірақ, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіз елінен – Қазақстаннан қазақтар да басқа елге көшіп, бақытын жат жерден іздей бастапты, деп хабарлайды 31 арна.
Статистика комитетінің деректері бойынша, елімізге көшіп келетіндер саны жылдан жылға кеміп барады. Тек шетелде тұратын қандастарымыздың көші ғана әлі үзілген жоқ. Мәселен, биыл 5 мыңнан астам қазақ атамекеніне аңсап жеткен. Бірақ, көштің де серпіні бәсеңдеген. Себебі осыдан 5-6 жыл бұрын елге келетін оралмандар саны екі есе көп болатын.
"2014 жылдан бастап шетелге кеткендер саны Қазақстанға көшіп келгендер санына қарағанда артып келеді. Мәселен, биыл жарты жылда 8 мыңға жуық адам ғана көшіп келген, ал шекара асқандар саны одан екі есе дерлік артық", – дейді "Ranking.kz" компаниясының сарапшысы Динара Мұқашева.
Қазақстаннан көшіп кеткісі келетіндер негізгі себеп деп сыбайлас-жемқорлық, жұмыссыздық пен адам құқығының аяқ асты болуын атап отыр. Эмигрант атанғысы келетіндердің басым бөлігі Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарының тұрғындары.