Осылайша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша, елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 23,7 млрд. АҚШ долларына жетіп, көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 37,7%-ға өскен (17,2 млрд. АҚШ доллары).
Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция салған мемлекеттердің үздік бестігі өзгеріссіз қалды. Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей және Қытай 25%-дан 92%-ға дейін өсімімен көш басында. Аталған елдердің үлесі елге тартылған барлық инвестициялардың жалпы көлемінің 68,3%-ын құрайды. Үздік ондықтағы қалған бес ел: Бельгия, Ұлыбритания, Корея Республикасы, Түркия, Франция.
Айта кету керек, ауыл, орман және балық шаруашылығына инвестициялық салымдар 2,8 есеге, кәсіби, ғылыми-техникалық қызмет саласына 2,6 есеге, ақпарат пен байланыс саласына 80,1%-ға, ал электрмен жабдықтау саласына 68,3%-ға ұлғайып отыр. Өңдеу өнеркәсібі де едәуір өсім көрсетті. Бұл салаға 2020 жылмен салыстырғанда инвестиция 2 млрд. АҚШ долларына артық құйылып, 65,4%-ға артты.
Шетелдік капитал ағынын ұлғайтуға инвестициялық жобалар пулы мен "ҚР елшіліктері – орталық мемлекеттік органдар – аймақтық әкімшіліктер" үш деңгейлі жүйесінің сәтті жүзеге асырылуы нәтижесінде қол жеткізіліп отыр. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің болжамы бойынша, 2021 жылы 19 млрд. АҚШ долларынан астам шетелдік инвестиция тартылады.
Еске салсақ, Standard&Poor's халықаралық агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредит рейтингін "BBB-/А-3" деңгейінде растап, болжам "тұрақты" деп жариялаған болатын.