Қытай Халық Республикасымен жүргізілген келіссөздер қорытындысы бойынша, арнайы бортпен Алматыға "CoronaVac" вакцинасының алғашқы партиясы келді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Препаратты қытайлық "Sinovac Biotech Ltd" биофармацевтикалық компаниясы шығарған. Екпенің алғашқы партиясы 500 мың дозадан тұрады. Бұл препарат жақын күндері Қазақстан Республикасының азаматтарына коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау үшін қолжетімді болатын төртінші екпе.
"ҚХР-дан "CoronaVac" вакцинасын жеткізу туралы уағдаластықтарды іске асыру COVID-19 пандемиясына бірлесіп қарсы тұруда қытайлық әріптестермен басталған ынтымақтастықты сәтті жалғастырудың мысалы ретінде қарастырылады. Денсаулық сақтау министрлігінде атап өткендей, келіп түскен вакциналар партиясы қазақстандық және ресейлік өндірістің қолда бар вакциналарымен қатар елдің барлық егу пункттерінде қолжетімді болады", – деп жазылған әкімдік таратқан хабарламада.
"CoronaVac" вакцинасын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан аумағында қолдануға мақұлдады және елде қолданылатын "QazVac", "Спутник V" және "Hayat-Vax" вакциналарының тізбесін толықтырады.
Қазіргі уақытта "CoronaVac" препараты әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылады.
Вакцинада SARS-CoV-2 антигені бар. Бір құтыда 0.5 мл/доза, препарат 14-28 күн аралығында екі рет екпе салуды көздейді. Вакцинацияға 18 жастан асқан тұрғындар санаттары жатады. Препарат +2 +8 градус температурада сақталады.