Қазақстанға Моңғолиядан жылқы етін импорттау 2 есе артты

188

Импорттың 60 пайызы Моңғолияға тиесілі.  

Қазақстанға Моңғолиядан жылқы етін импорттау 2 есе артты Фото: businessmir.kz

2025 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша Қазақстанға әкелінген жылқы еті көлемі екі есеге артты, деп жазады inbusiness.kz сайты Data Hub телеграм арнасына сілтеме жасап.

2025 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстанға әкелінген жылқы еті көлемі екі есеге өсіп, 3,8 мың тоннаға жетті. Импортқа жұмсалған қаржы шамамен 10,7 млн АҚШ долларын құрады. Бұл – кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Сарапшылардың мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанға жеткізілген жылқы етінің 60 пайызы Моңғолия үлесіне тиесілі. Жылдық есепте бұл елден Қазақстанға экспортталған ет көлемі 3,6 есеге артқан. Айта кету керек, бұған дейін Моңғолия импорт құрылымында мұндай маңызды рөл атқармаған. Мұндай жоғары үлес соңғы онжылдықта тек бір рет – 2022 жылы ғана тіркелген.

Негізінен салқындатылған және мұздатылған ет әкелінген

Қазақстанға салқындатылған, жаңа және мұздатылған ет импортталған. Ресми жіктеуде есек немесе қашыр еті де көрсетілуі мүмкін болғанымен, сарапшылардың бағалауынша, негізгі көлем – нақты жылқы еті.

Ішкі өндіріс өсті, экспорт мардымсыз

Қазақстанда жылқы еті өндірісі де өсім көрсеткен. 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында еттің  өндіріс көлемі 146,8 мың тоннаға жетіп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5% артық.

Ал экспорт көлемі әлі де өте төмен деңгейде қалып отыр. Аталған кезеңде Қазақстаннан бар болғаны 124 тонна жылқы еті экспортталған, оның барлығы Өзбекстанға жөнелтілген. Соған қарамастан, бұл көрсеткіш соңғы он жылдағы рекорд саналады.

Ет қымбаттаса да, тұтыну азаймаған

Бұған дейін хабарланғандай, ет бағасының өсуіне қарамастан, қазақстандықтар оны аз тұтынбаған. Әсіресе сиыр еті бір жылда 31,5%-ға қымбаттаған. Соған қарамастан, үшінші тоқсанда ет өнімдерін тұтыну артқан, ал үй шаруашылықтарының етке жұмсаған шығыны рекордты – 179,6 мың теңгеге жеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу