Анхель Матос Валодиа Фуэнтестің айтуынша, 2008 жылғы Олимпиадада Қазақстан тарапы оған жеңілу үшін 40 мың доллар ұсынған, деп жазады inbusiness.kz сайты 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.
Кубалық спортшы өзіне жасалған ұсынысқа келіспегенін айтады. Бірақ, қазақстандық таеквондошы Арман Шілмановпен болатын жекпе-жектің алдында швециялық төрешіге конверт берген. Ол мұны өз көзіммен көрдім деп отыр.
– Міне, сондықтан да мен олар төрешіні сатып алды деп айтып отырмын. Шельбат алғашқы секундтардан-ақ ашуыма тие бастады. Бұған дейін бұл қазақстандық спортшыны жеңгенмін. Тағы да жеңуші едім. Бірақ әу бастан-ақ менде еш мүмкіндік болған жоқ. Есепте алда келе жатып жарақат алып қалдым. Қазақстандық бұл туралы төрешіге айтты. Ол өз кезегінде дәрігерді шақырды. Жарақатымды таңып жатқанда, төрешілер жаққа қарап едім, федерация өкілінің төрешіге қарсыластың қолын көтеру туралы белгі бергенін байқадым. Себебі жарақатымды таңу ұзақ уақыт алған секілді, – деді кубалық спортшы.
Анхель Матос Валодиа Фуэнтестің сөзінше, бұл – 2008 жылдың 23 шілде күні болған оқиға. Төреші Шакир Шельбаттың шешіміне кубалық таеквондошы қарсы болып, қапталдағы төрешіні итеріп жіберіп, содан соң бетінен тепкен еді. Осы әрекетінен соң кубалық та, бапкері Леудус Гонзалес те өмір бойына спорттан шеттетілді.
Айта кетейік, қазақстандық таеквондошы Арман Шілманов кубалық Фуэнтеске қарсылыс болып, ел қоржынына қола медаль салған еді.
Ал, даулы мәселеге қатысты Қазақстан тарапы ресми мәлімдеме берген жоқ.