Қазақстанға Pinduoduo мен Anthropic 8 млрд теңге салық төледі

295

Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.

Қазақстанға Pinduoduo мен Anthropic 8 млрд теңге салық төледі Фото: ЖИ

Қытайдың Pinduoduo сауда платформасы мен Claude жасанды интеллектін әзірлеуші америкалық Anthropic компаниясы Қазақстан бюджетіне жалпы 8 млрд теңге аударды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Комитет шетелдік интернет-платформалардың Қазақстандағы салық міндеттемелерін орындауын бақылау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Салықтық әкімшілендіру шараларының нәтижесінде Pinduoduo бюджетке 6,8 млрд теңге (15,1 млн доллар) төледі.

Ал Claude жасанды интеллект көмекшісін әзірлеуші Anthropic, PBC компаниясы өткен салық кезеңдері үшін 1,2 млрд теңге (шамамен 2,6 млн доллар) аударды. Компания камералдық бақылау қорытындысы бойынша жіберілген хабарламалардағы талаптарды орындаған.

Комитеттің мәліметінше, Қазақстан заңнамасында салық талаптарын орындамаған шетелдік интернет-платформалардың қызметіне шектеу қою қарастырылған.

Осыған байланысты Ұлыбританияда тіркелген Farfetch онлайн-платформасының операторына камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарлама жіберілген. Алайда компания талаптарды орындамағандықтан, оның интернет-ресурсына Қазақстан аумағында қолжетімділік шектелді.

Farfetch – киім, аяқкиім және аксессуарлар сататын халықаралық онлайн-платформа. Онда әлемге танымал брендтердің өнімдері ұсынылады.

Мемлекеттік кірістер комитеті салық міндеттемелерін орындамайтын өзге де шетелдік интернет-платформаларға заңнамада белгіленген тәртіппен осындай шаралар қолданылуы мүмкін екенін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу